​"Алтын күз": Отырарда отандық өнімге сұраныс жоғары

0
2 773

Түркістан облысы, Отырар ауданында өткен «Алтын күз» ауылшаруашылық жәрмеңкесінде 50 тоннаға жуық тауар қойылды.


​

Түркістан облысы Отырар ауданында "Алтын күз" ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Диқандар мерекесі аясында аудандағы 13 ауылдық округтің шаруалары мен тауар өндірушілері жаздай еңбек етіп, қол жеткізген жемісі мен түрлі өнімдерін өңір тұрғындарына 15-20 пайыз төмен бағамен ұсынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жәрмеңкеде 5 тонна ұн және 10 тонна картоп, 1,5 тонна сәбіз, 5 тонна пияз, 2 тонна орамжапырақ секілді түрлі бақша дақылдарымен қатар, ауданның ерекше сұранысқа ие өзіндік айрықша тауары қарбыз бен қауыннан жасалған "қауын қақ", "қауынқұрт" және "Маяқұм шұбаты" және "Отырар шұбаты" секілді түйе сүті мен ет өнімдері, сондай-ақ тары, талқан, құрт, ірімшік сынды 50 тоннаға жуық тауарлар тұрғындар сұранысына ие болды.
Отырар ауданының әкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлы мереке қарсаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеге барып, сатушылар және тұтынушылармен жүздесті.

- Жыл сайын өтіп отыратын жәрмеңкенің биылғы ерекшелігі - халыққа ұсынылған тауарлар көрсеткішінің артуында. Алдағы уақытта мұндай жәрмеңкелер жалғасын табатын болады. Біз ауылшаруашылығы өнімдерін шығарып қана қоймай оны одан әрі дамытып, терең өңдеп, дайын қапталған өнімдерді шығаруды қалыптастыру үстіндеміз.
Қазіргі таңда, Отырар ауданының бренді ретінде қалыптасқан "қауын қақ", "қауынқұрт" өнімдері мен "Маяқұм шұбаты" мен "Отырар шұбаты" еліміздің түкпір-түкпіріне таралуда. Түйе сүтінен өндірілген өнімдерді алыс-жақын жерлермен қатар, шетелдік туристерге де ұсынып, пайдалы емдік әрі сусындық қасиеті жөнінен де қызығушылықты арттыруға жұмыс жасалуда",
- деді аудан әкімі Ерлан Айтаханов.

Айта кетсек, аудан шаруалары биылғы жылы үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Ауыл еңбеккерлері жүгері, көкөністер мен бақша өнімдерін өндіруде мол табыстарға кенеліп, түсім көлемін арттырса, мал шаруашылығында да өткен жылдармен салыстырғанда көрсеткіш жоғары.