​Астанаға 20 жыл: Отырар ауданында «Жасай бер, Астана!» атты концерттік іс-шара өтті

0
2 249

Мерекелік шараға жиылған көпшілік алдымен Мәдениет сарайының кіре беріс фойесіндегі «Астанаға 20 жыл» тақырыбындағы көрмені тамашалады.


​Астанаға 20 жыл: Отырар ауданында «Жасай бер, Астана!» атты концерттік іс-шара өтті

ERNUR.KZ. Астана қаласының 20 жылдық мерекесі еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Осыған орай 4 шілде күні Отырар ауданында «Жасай бер, Астана!» атты концерттік іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Отырар аудапны әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мерекелік шараға жиылған көпшілік алдымен Мәдениет сарайының кіре беріс фойесіндегі «Астанаға 20 жыл» тақырыбындағы көрмені тамашалады.

Сонан соң мәдени іс-шараны Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов құттықтау сөзімен ашып, ұлттық рухымызды асқақтататын мерекеде Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарды марапаттады.

«Елорда Тәуелсіздігіміздің тірегіне, экономикамыздың жүрегіне айналды. Астана – еліміздің күш-қуатын әлемге танытқан қасиетті орда болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімі - бұл қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді. Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа елордамызды әспеттеп, ұлықтау арқылы біздер еліміздің келешегі - жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, қанына патриоттық сезімдерді сіңірудеміз. Осылардың барлығы бір арнаға тоғыса келе, ұлтты ұйыстыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға қызмет етіп жатыр. Баршаңызды Астанамыздың 20 жылдық мерекесімен құттықтаймын!»,- деді Ерлан Айтаханов.

Одан әрі концерттік бағдарлама «Астанаға тарту» атты дәстүрлі әншілердің шеруімен жалғасып, күміс көмей әншішілер мен мың бұралған бишілердің өнері мерекелік шараның көркін қыздырды.