Бас прокурордың бірінші орынбасары Түркістанда инвесторлармен кездесті

0
76

Жыл басынан бері облыста жалпы сомасы 920 млрд теңге болатын 27 инвестордың құқығы қорғалып, 30 инвестициялық кейс шешімін тапты.


Бас прокурордың бірінші орынбасары Түркістанда инвесторлармен кездесті

Бас прокурордың бірінші орынбасары Түркістанда инвесторлармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістанда инвесторлармен ашық кездесу өтті. Жиында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, әкімшілік кедергілерді жою, инвесторлардың құқығын қорғау және өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері талқыланды. Инвесторлар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізіп, тиісті мемлекеттік органдар өкілдерінен нақты жауаптар алды.

Кездесуге ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеров, мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты.

Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Мемлекет басшысының тарихи шешімі еліміздің инвестициялық ахуалын жақсартқанын айрықша атап өтті.

«Президент Жарлығына сәйкес Бас Прокурорға Инвестициялық омбудсмен функциялары берілді. Ал оның жұмыс органы ретінде Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Комитеттің негізгі мақсаты – инвестордың мәселесі туындағаннан кейін ғана әрекет ету емес, мүмкіндігінше оның алдын алу. Ал ең бастысы – инвестор өз құқығының қорғалатынына сенімді болуы тиіс. Біздің міндетіміз де сол – осы сенімді ақтау», – деді Жандос Өмірәлиев.

Бүгінде Түркістан облысында прокурорлар жалпы құны 3,2 трлн теңге болатын 219 инвестициялық жобаны сүйемелдейді. Оның ішінде Ұлттық инвестициялық пулда – 175 жоба, өңірлік пулда – 44 жоба бар. Жыл басынан бері облыста жалпы сомасы 920 млрд теңге болатын 27 инвестордың құқығы қорғалып, 30 инвестициялық кейс шешімін тапты. Сонымен қатар 25 заңсыз әкімшілік іс бойынша келісім беруден бас тартылып, 23 инвесторға қатысты негізсіз тексеру тоқтатылды.

Прокуратураның инвесторларды сүйемелдеу жұмысының нақты нәтижелерінің бірі – «Central Asia Aluminum Company» жобасы. 4,4 млрд теңгелік алюминий профильдерін өндіру жобасын іске асыру барысында кәсіпорынға қажетті табиғи газ көлемін алу мәселесі шешіліп, нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны құрылды және өндіріс іске қосылды.

Сондай-ақ прокурорлық сүзгі арқылы «Қарқын Трейд» ЖШС-ның 10 млрд теңгеден асатын ет өңдеу зауытының жобасына кедергі келтіруі мүмкін шешімнің алдын алынды. Инвестор қажетті рұқсаттарды алып, құрылыс жұмыстарын бастады.

Өңірде инвесторлармен тікелей жұмыс та күшейтілген. Invest Caravan 2026 акциясы аясында қала және аудандарда инвесторлармен 29 кездесу ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Бас Прокурордың бірінші орынбасары инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, прокурорлық сүзгі, жүйелі проблемаларды шешу және дауларды сотқа дейін реттеу тетіктері инвесторлардың құқығын қорғаудың негізгі бағыттары екенін атап өтті.

«Инвестордың бір мәселесін шешу – бір жобаны сақтау. Ал жүйелі мәселені шешу – ондаған, жүздеген жобаның жолын ашу», – деді Жандос Өмірәлиев.

Айта кетейік, бүгінде еліміз бойынша прокурорлар 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Түркістан облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша жылдық жоспар 4 еседен астам орындалған. Ал биыл құны шамамен 370 млрд теңге болатын 67 жоба инвестициялық пулға енгізілген.

Бөлісу