Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жиынға қатысушыларды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, қоғамның дамуында ынтымақтың маңызы зор екеніне тоқталды.
Түркістанда «Бірлігі жарасқан ел мығым» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесі құрметіне Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Бірлігі жарасқан ел мығым» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға Түркістан облыстық және қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдардың төрағалары мен өкілдері, Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері қатысты.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жиынға қатысушыларды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, қоғамның дамуында ынтымақтың маңызы зор екеніне тоқталды.
«Бейбітшілік пен тұрақтылық және қоғамдық келісім – мемлекетіміздің ең басты негізі, рухани байлығы. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Түркістан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер мүшелері еліміздің су тасқыны орын алған өңірлеріне дүркін-дүркін гуманитарлық көмек жөнелтті. Мемлекет басшысы Түркістан өңіріндегі ел бірлігін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстарды оң бағалады. Ел бірлігі – біздің баға жетпес байлығымыз, елдігіміздің берік негізі. Отанымыз – Қазақстанды гүлдендіріп, тұрақтылық пен бейбітшілік мекеніне айналдыру үшін баршаңызға бейбіт күн, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілеймін!», – деген Бейсенбай Тәжібаев облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосып, су басқан өңірлерге гуманитарлық көмекті үйлестіруге еңбек сіңірген «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелерін алғыс хатпен марапаттады.
Сонымен бірге көпшілікті «Таза Қазақстан» акциясына тұрақты әрі белсенді қатысуға шақырды.
Дөңгелек үстелде Түркістанның талантты оқушылары Отан, бірлік тақырыбында жалынды жырларын оқыды. Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облысы өкілдігінің мүшесі Зарина Загидуллина және өзге де азаматтар, белсенді жастар сөз сөйлеп, ұсыныстарын айтты. Өңірде ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ізгілікке жетелейтін іс-шаралар, жобалар жалғасады.
Кездесуден кейін «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облысы бойынша өкілдігінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Түркістандағы «Парасат» саябағы маңында ағаш көшеттерін отырғызып, «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосты.