Денсаулық сақтау министрі аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлымен №3 облыстық перинаталды орталығында болып, одан соң Түркістан жоғары медицина колледжінің оқу базасымен танысты. Медицина колледжінің мәжіліс залында оқытушы құраммен жүздесті.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов облыс орталығы Түркістан қаласына ресми іс-сапармен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Елжан Амантайұлы алдымен қалалық емхананың жұмыс барысымен танысты. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Е.Тасжүреков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаев, емхана ұжымы мен медицина саласының мамандары қатысты.
«Президентіміздің кезекті Жолдауы қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру мен әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Соның ішінде медициналық қызметтердің сапасын көтеру бойынша Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар жүктеді. Сондықтан алдымызда алғашқы медициналық көмекті жандандыру міндеті тұр. Емханалар мен амбулаториялардағы жергілікті жалпы практикалық дәрігерлер, учаскелік терапевт пен педиатрларды қолдау үшін келесі жылдан бастап жалақы мөлшері 20 пайызға көтерілетін болады. Алдағы уақытта Түркістан облысында сегіз нысан - аудандық емханалар, аудандық ауруханалар, облыстық перинаталдық орталыққа қосымша 150 төсек орынға лайықталған қосымша корпус салынатын болады. Түркістан облысын дамыту жоспарына сәйкес мемлекеттік жекеменшік-әріптестік аясында Халықаралық көп профильдік аурухана салынуы жоспарлануда»,-деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Бұдан соң Денсаулық сақтау министрі аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлымен №3 облыстық перинаталды орталығында болып, одан соң Түркістан жоғары медицина колледжінің оқу базасымен танысты. Медицина колледжінің мәжіліс залында оқытушы құраммен жүздесті.
Елімізде 170 мыңнан астам медицина мамандары бар. Оларға түрлі 70-тен астам мемлекеттік, жекеменшік медициналық колледждер білім беруде. Кадр тапшылығын жою үшін келесі жылдан бастап мемлекет тарапынан оқыған мамандар елді мекендерге үш жыл жұмыс жасауға жіберілмек. Олар өз кезегінде әлеуметтік қажеттіліктермен қамтамасыз етілетін болады.