14-29 жас аралығындағы «Елбасы медалі» жобасының қатысушыларымен кездеседі.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Шамалғаннан бастау алған «Елбасы жолы» экспедиция құрамы Түркістан қаласына келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Экспедиция мүшелері мыңжылдық өркениеттердің торабы болған Түркістан қаласына келіп, 14-29 жас аралығындағы «Елбасы медалі» жобасының қатысушыларымен кездеседі. Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша «Елбасы медалі» жобасының 276 қатысушысы қола медаль алды. Биыл мемлекеттік білім гранттары 54 медаль иегеріне берілді. Қазір 565 жастар қатысып жатыр. Олардың 222-і қола деңгейді, 17-і күміс деңгейді аяқтауға үміткер болып тұр. Өңір бойынша бағдарламаның жұмыс істеуін 19 тәлімгер, 1 өңірлік үйлестіруші және 1 сарапшы қамтамасыз етеді.
Бұдан кейін экспедиция мүшелері бірқатар мәдени-әлеуметтік нысанды, оның ішінде, құрылыстың жалпы аумағы 200 мың шаршы метрден асатын «Керуен-сарай» туристік кешенінде серуендеп, XIV ғасырдың соңында тұрғызылған «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесінің тарихына қанығады. ЮНЕСКО-ның әлемдік мұрасының тізіміне енгізілген ғимараттың орталық залының төңірегіндегі 35 бөлмені аралайды. Олар 622 жыл бұрын құйылған, тұтас түркі жұртының құты саналатын тайқазанды көре алады.
Жоба қатысушыларының келесі аялдамасы - шырайлы Шымкент қаласы, онда 5 жасқа дейінгі ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығына бас сұғады. Отандық және шетелдік ең озық заманауи құрылғыларды көріп, жеке және топтық сабақтар өтетін кабинеттермен танысады.
"Қамқорлық" қоры 21 күн курсы бойынша 30 науқасқа дәрі-дәрмексіз кешенді емдеу жүргізеді. 2020 жылдың желтоқсанынан бастап Шымкент қаласында 50 бала ем алды.
Экспедиция Түркістан мен Шымкент қалаларында өткен кездесулерге қатысып, Теміртау мен Нұр-Сұлтан қаласына қарай бет алмақ.
Айта кетсек, экспедицияның басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың шығармашылық және саяси жолын кеңінен насихаттау, өмірінен сыр шертетін маңызды орындарды аралау, «Ел Үміті» бастамасы аясындағы жоба қатысушыларымен бас қосу.
Бұл игі шара «Елбасы Академиясы» КҚ ұйымдастыруымен қолға алынып отыр. Аталмыш жобаға Тұңғыш Президенттің «Ел Үміті» бастамасы аясында жүзеге асып жатқан жобалардың үздік әрі белсенді қатысушылары арасында іріктеу жүргізіліп, нәтижесінде 10 жалынды жастар анықталды. Олар іс-шара аясында өңірлердегі «Ел Үміті» бастамасының 40-қа жуық жоба қатысушыларымен бас қосатын болады.
Алғашында «Елбасы жолы» экспедициясы Шамалған ауылына, Қаскелең мен Алматы қаласына барып, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Атамекен» тарихи-мәдени орталығынан маңызды мағлұматтар алды. Ары қарай Қаскелең қаласындағы осыдан 63 жыл бұрын Елбасы қанат қаққан «Абай атындағы орта мектеп-гимназиясына» барып, «Birge Oqý» онлайн мектебінің оқушыларымен кездесті. Алматы қаласындағы «Мың бала» олимпиадасының 35 жеңімпазы оқып жатқан Республикалық физика-математика мектебінің мән-жайымен танысты. Келесі кезекте Нұрсұлтан Назарбаев Қорында «Ел мақтанышы» сыйлығының иегерлері бас қосып, ғылымға енгізген жаңалықтар мен түрлі идеялар төңірегінде пікір алмасты.