БАҚ өкілдерінің және әлеуметтік желі белсенділерінің 40-тан астам сұрағына жауап берді.
Түркістан облысының әкімі Елордада БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
19 қарашада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында «Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Түркістан облысының дамуы туралы» брифингінде республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерінің және әлеуметтік желі белсенділерінің 40-тан астам сұрағына жауап берді. Әлеуметтік желі арқылы 100-ге жуық ұсыныс пен сұрақ түсті. Өмірзақ Естайұлы ол сұрақтар мен ұсыныстардың бәрін назардан тыс қалдырмай жауап беріп, қоғамға ашық есеп берді.
Әкімнің брифингі тікелей эфирде Facebook әлеуметтік желісінде 3000 рет, Youtube желісінде мыңнан аса қаралды. Өмірзақ Шөкеев өз баяндамасында Президент Жолдауының өңірде орындалу барысы мен 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы айтты.
Баяндамадан кейін спикер журналистерді қызықтырған сауалдарға жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі инфрақұрылымды дамыту, өңірді газдандыру, туризм, Түркістан қаласының құрылысы мен болашақ жоспарлары, ауыл шаруашылығындағы жобалар, қуаңшылық, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, қолжетімді баспанамен қамту шаралары туралы болды. Өткір мәселелер қозғалып, нақты жауаптар айтылды. Сонымен қатар, БАҚ өкілдерін облыстың жетістіктері де қызықтырды. Түркістанды дамыту бағытындағы жоспарлар да сөз болды. Тікелей және онлайн режимде қойылған сұрақтардың бәріне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев толыққанды жауап берді.
«Елбасымыз Түркістан қаласының туристік орталық ретінде жандануына тікелей қолдау көрсетіп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Орта Азия мен Қазақстандағы теңдессіз тарихи жәдігер киелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орын тепкен қасиетті мекен бүгінде рухани және мәдени, сонымен бірге туризм кластеріне үлкен сұранысқа ие болып отыр. Дамудың жаңа сатысына көтерілген Түркістанның жаңа мәдени-әлеуметтік және әкімшілік орталығында түрлі ғимараттар бой түзеп келеді. Енді Түркістан түркі жұрты ғана емес, дүние жүзі туристері келетін шаһарға айналды. Осы жетістіктердің бәрін тәуелсіздіктің жемісі деп санаймын», - деген өңір басшысы Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыс жалғасатынын, ауқымды жобалар жүзеге асатынын жеткізді.
Еске салсақ, брифинг «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінде, ОКҚ-ның Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы мен Youtube арнасы арқылы көрсетілді. Брифинг 1,5 сағатқа созылды.