Ерлан Тұрғымбаев Мақтаарал ауданында болды

0
946

Қазіргі таңда апаттық-құтқару жұмыстарына 1600-ден астам полиция, әскери қызметшілер мен құтқарушылар қатысып жатыр.


Ерлан Тұрғымбаев Мақтаарал ауданында болды

ERNUR.KZ. ІІМ басшысы құтқарушылар мен полицейлерге төтенше жағдайларды жою бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды, деп жазады Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мемлекет тарапынан құрылған комиссиямен бірге Түркістан облысының Мақтаарал ауданында болды. Министр ТЖ-ны жоюға атсалысқан Ұлттық ұланның, төтенше жағдайлар қызметі мен полицияның жеке құрамын, олардың құрал-жабдықтарын тексерді.

Қазіргі таңда апаттық-құтқару жұмыстарына 1600-ден астам полиция, әскери қызметшілер мен құтқарушылар қатысып жатыр. 324 техника жұмылдырылған. 17-сі – қалқымалы қондырғы болса, 216 су сорғыш жабдық бар.

6 мамырда Өзбекстан Республикасынан топан суды сорғылауға 200-ден астам құтқарушы мен жүздің үстінде су сорғылауға арналған арнайы техника жеткізілді. Қазіргі уақытта топан су басқан аудандарда 6 миллион текше метрден астам су сорылды.

Елді мекендерде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мүлкін қорғау үшін полицейлер тәулік бойы патрульдік қызметте жүр.

Төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап полицейлер мен әскери күштер лай мен топан су астында қалған малдарды құтқарумен айналысты. 15 мыңнан астам ірі қара мен үй құсы қауіпсіз аймаққа шығарылды. Төңіректі топан су басқанда 600-ге жуық мал қырылып қалды. Көбі – ұсақ мал болды. Түрлі инфекцияның алдын алу үшін ветеринариялық қызметпен бірге жануарлардың өлексесін көму жұмыстары тиісті санитарлық нормаларға сәйкес атқарылды.

Апаттық-құтқару жұмыстары кезінде иелері тастап кеткен көліктер де қауіпсіз аймаққа шығарылды. Полицейлер мен әскери қызметкерлерге болысқан еріктілер де кезек құрып, жергілікті тұрғындарға бар көмегін беріп жатыр.

“Төтенше жағдай аймағында қабылданған шаралардың арқасында бір де бір қылмыс болған жоқ. Дегенмен тұрғындар өз үйіне оралып, артында қалған мүліктерін алып кетуге жағдай жасау үшін топан судың салдарын жоюға қатысты жұмыстарды жалғастыра беру керек”, – деп мәлімдеді ІІМ басшысы сапарды қорытындылаған сөзінде.

Еске салсақ, 1 мамыр күні көрші мемлекеттің Сардоба су қоймасында болған апаттың салдарынан Мақтаарал ауданының бес елді мекенін топан су басқан еді. Бірінші күні 5400 жергілікті тұрғын қауіпсіз аймаққа шығарылды. Барлығы – 31 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды.

Жалпы айтқанда, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Өргебас, Фирдауси және Достық ауылдарында 1030 үйді су басты. Қазір су басқан елді мекендердің тұрғындары туыстары мен 12 эвакуациялық пунктке орналастырылды.