Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің және Ұлттық бюроның Түркістан облысы бойынша Департаменттерінің ұсынысы бойынша және облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мәселелері талқыланды.
«Түркістан - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Е.Мұстафа, Түркістан облыстық полиция департаментінің басшылары мен қызметкерлері, бейне-конференция байланыс арқылы 16 қалалық, аудандық полиция бөлімдерінің басшылары мен 700 - ге жуық жеке құрамы қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Кездесуде сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғ.Тұрсынбаев мемлекет тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанына қарамастан, жемқорлық деңгейі жоғары салалардың бірі ішкі істер органдары екендігін атап өтті. Осыдан қорытынды шығаруға және адал аттарына кір келтірмей, елге адал қызмет жасауға шақырды.
Сонымен қатар, жиын барысында Департамент басшысының орынбасары Ғ.Асанұлы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен баяндап өтті. Сондай-ақ, «Түркістан-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің сот және құқық қорғау органдары бағыты бойынша жүргізілетін жұмыс жоспары таныстырылды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ә.Жорабеков ішкі істер органдарында орын алған сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарға кеңінен тоқталды. Жиынға төрағалық еткен Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қ.Дәлбеков жемқорлықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан шаралардың тиімділігі мен маңыздылығына тоқталып, бұл әлеуметтік дертпен күресуде бірлесіп қызмет атқаруға дайын екенін айтып, алдағы уақытта жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекеттік меншіктегі автокөліктерге рейдтік іс-шараларды бірлесіп жүргізуді ұсынды. Жиын соңында қызметтік міндеттерін орындау кезінде өз қызметін жеке бас пайдасына қолданып пара алып ұсталғандарға қатысты видео түсірілімдер де көрсетілді.