Қ.А.Ясауи кесенесіне келушілерге арналған тариф анықталды

0
2 999

Ешбір ел мәдени ошақтарына туристерді ақысыз кіргізбейді


Қ.А.Ясауи кесенесіне келушілерге арналған тариф анықталды

ERNUR.KZ. Мәдени орындарға туристерді ақысыз кіргізбейді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда кейбір әлеуметтік желілерде кейбір тарихи музейлергекіру ақысы жөніндетүрлі пікірлер ортаға салынғаны белгілі. Соның ішінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілерге арналған екі түрлі тариф және оның қымбаттығы жөнінде де айтылған. Арнайы бекітілген бұл баға шын мәнінде қымбат па? Саралап көрсек...

ҚР Үкіметінің 24.07.2015 жылғы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық мемлекеттік мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы №585 қаулысына сәйкес «Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК (Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын) болып қайта құрылған. Музейге ақылы кіру жоғарыдағы қаулыға сәйкес 2015 жылдың 3 қарашадан бастап күшіне енген, себебі музей өзін-өзі қаржыландыруы тиіс.

Қазіргі таңда бұл бастама үкімет тарапынан белгіленген заңнама аясында іске асуда. Әлемдік тәжірибеде сыналғандай ешбір ел біздің музейіміздің санатындағы мәдени ошақтарына туристерді ақысыз кіргізбейді. Бұл музей ішіндегі тәртіпті сақтау үшін де маңызды. Билет құны Қазақстан Республикасы азаматтарына - 200 теңге. Мұның ішінде зейнеткерлер мен оқушылардың музейге кіру ақысы бөлек көрсетілген: зейнеткерлер үшін -150 теңге, оқушылар үшін - 100 теңге. Ал шетелдік азаматтарға - 500 теңге. Алайда осы төлеммен тек Ясауи кесенесін ғана емес, «Әзірет-Сұлтан» қорық-музейі кешенінде орналасқан «Жұма мешіті», «Қылует» жер асты мешіті, «Шығыс моншасы», «Түркістан тарихымузейі» тарихи орындарын түгелдей тамашалауға болады. Аталған орындарды аралау үшін кемінде екі-үш сағат уақыт сарып етіледі. Басқа, әлемдік деңгейдегі музейлерге кіру билетінің құнымен салыстырғанда бұл өте арзан. Оның үстіне ай сайынғы тегін музей күні де бар.

Сондай-ақ, музейге кіру билеті шетелдіктерге жоғары болуы бұл әлемдік тәжірибеде бар. Осы орайда, шетелдік музейлердің дәл қазіргі уақыттағы билет құнымен салыстырмалы түрде байқауға болады:

Москва, «Третьяков галереясы» 500 рубль (2 721 теңге)

Париж, «Лувр» 17 евро (6 847 теңге)

Стамбул, «Топкапы» музейі 40 лира (2995 теңге)

Санкт-Петербург, «Эрмитаж» 700 рубль (3 809 теңге)

Самарканд, «Гур-Эмир» кесенесі Өзбекстан азаматтарына 600 сум, шетелдіктерге 4,5 доллар (1500 теңге).