Намысты қолдан бермей, ел үмітін ақтаған спортшы қызға Алғыс хат беріліп, бағалы сыйлық табысталды.
Түркістан облысы Келес ауданының тумасы, жастар және жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Оразбай Ақмарал Шәдібекқызы Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың қабылдауында болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақментай Үсенұлы Оразбай Ақмаралды алған жүлдесімен құттықтап, Қазақ елінің сондай-ақ, Келес ауданының атын төрткүл дүниеге танытқаны үшін ризашылығын білдірді. Намысты қолдан бермей, ел үмітін ақтаған спортшы қызға Алғыс хат беріліп, бағалы сыйлық табысталды.
Сонымен қатар шәкіртін күрес шыңына шығуға аянбай еңбек етіп, кілең дүл-дүлдер қатысатын додаға дайындаған ұстазы, жаттықтырушысы Бердібек Алимов пен қызын үнемі ындаландырып, шаббыттандырып, шыңдап отыратын ардақты әкесі аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Алдағы уақытта өтетін сайыстарда да үлкен сенім білдіріп отырған қазақ елінің, киелі Келес өңірінің атын әлемдік додаларда шарықтатамын. Қашанда үміт ақтау үшін аянбаймын», - дейді Ресей Федерациясының Казань қаласында өткен белбеу күресінің чемпионаты Ақмарал Шәдібекқызы.
Осы орайда, айта кетейік Ақмарал Шәдібекқызы Келес ауданы жаңадан құрылғалы әлем біріншілігінен жүлдегер атанып отырған екінші спортшы. Ағымдағы жылдың қыркүйек айының басында Қырғызстандағы III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Келес ауданы Ошақты ауылдық округінің тумасы Құрбанқұлов Әуезхан түрік күресінен 65 келі салмақты әлем чемпионы атанған болатын.