"Кеме қалған" монументіндегі қателер желі қолданушыларының ашуына тиді

0
5 861

Қазығұрт ауданында "Кеме қалған" монументі алдында орналасқан тақтада қазақ, орыс, ағылшын тілінде ақпар жазылған. Өкінішке орай, тақтаны орнатушылар үш бірдей тілде берілген ақпаратты қате жазған.


фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында "Кеме қалған" монументіндегі үш бірдей тілде қатемен жазылған мәлімет желі қолданушыларының сынына ұшырады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласының тұрғыны "kritika_shymkent" инстаграм парақшасына Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы «Кеме қалған» монументі маңына орналастырылған ақпараттық тақтада қателердің өріп жүргенін жазған.

«Гулял в эти праздничные дни в Шымкенте и наткнулся на такой позор и смех. Туристический объект Туркестанской области. Неужели руководство области или города Шымкент такие безграмотные или это просто упущение? Раз уж не могут проконтролировать. Гугл переводчик в разы лучше может перевести, чем эти «переводчики-эксперты», которые перевели этот позор. Уровень английского: «i go to school, Together because». Қазақшасында қате, орысшасы мен ағылшыншасындағы қателер көзден қан ағызады. Гугл аудармашы бұдан жақсы аударып береді. 2006 жылдан бері тұрған жазбадан ұят болды. Қаншама адам көріп, күліп кеткен шығар біздің деңгейге. Сколько ошибок Вы нашли? поможем руководству области найти ошибки?!» - деп жазады «kritika_shymkent» инстаграм парақшасында.

Мәселен, жоғарыдағы суретте орыс тілінде ақпар жазылған тақтада "площадь" - сөзі бес рет қайталанған. Және де барлығына Щ әріпінің орнына Ш жазылыпты. Бұдан бөлек, алғашқы сөйлем басында "общий плошадь" сөзінің де дұрыс емес екенін аңғарған боларсыз? Дұрысы "общая площадь"- деп жазылады. Ал, "памятник" сөзінде де Я-ны Ы әрпі алмастырғаны бізге түсініксіз болып тұр. Сондай-ақ, "ступенки" сөзінде Н әрпінен кейін тұруы тиіс жіңішкелік белгісі түсіп қалған және бұл сөйлем "ступенек" деп бітуі қажет еді.

Ағылшын тіліндегі нұсқасын оқысаңыз, сөйлемдер дұрыс аударылмаған. Сонымен қатар, ағылшынша аудармасында "ploshadok, ploshad, stupenko, pamytnika" деген жазулар кездеседі. Яғни, бұл сөздер ағылшын тіліне аударылмай, орыс тіліндегі нұсқасында латын әрпімен жазыла салған.

Бұл қалай? Ағылшын тіліне түркістандықтар жаңа сөз енгізбек пе? Қазығұртқа келетін шетелдік туристерден ұят емес пе? Бүткіл бір облыста ағылшын тілін жақсы меңгерген бір маманның болмағаны ма, әлде монумент құрылысын жүргізгендердің мазағы ма екен?

Айта кету керек, аталған нысан 2006 жылы пайдалануға берілген. 13 жыл бойы ақпараттық тақтадағы шұбырған қатені ауданның не облыстың туризмге жауапты мамандары байқамағаны түсініксіз.

«Кеме қалған» монументі Түркістан облысының туристердің негізгі нысандарының бірі екені әмбеге аян. Мұнда күні бүгінге дейін қаншама мерекелік шаралар өтті. Сонда бірде-бір атқамінер осы қателіктерді байқамай "бардым-кеттім" сыңай танытқаны ма?