​«Оят, шақыр жас келінді!»: келіншек өзінің ұйықтап қалғаны үшін ұрыс естігенін айтты

0
237

"Бетімен жіберме, кейін игере алмай қаласың. Ерте тұруға үйрет!"


​«Оят, шақыр жас келінді!»: келіншек өзінің ұйықтап қалғаны үшін ұрыс естігенін айтты

Сурет: ru.pinterest.com

Бойжеткен бөтен үйдің босағасын аттап, келін атанған соң оған ақыл айтушылар, үйретушілер, жөні мен орнын көрсеткіштер көбейіп кететіні несі екен? Сұралмаған ақылды айтқан адамның сыйы кетеді емес пе?

ERNUR.KZ порталына келіп түскен мына хат жас келіндердің бәрін ақымақ көруге болмайтынының, олардың да білгені мен түйгені барының айқын мысалы.


«Сөз байласып, болашағымызға бірге жоспар құрған сүйіктімнің үйіндегі алғашқы айым өтіп жатыр. Қатты қобалжып жүрмін.

Шыны керек, қолымнан түк келмейді. Үйде шаруа істемегенмін, қарапайым кір де жуған емеспін. Әкем қайтқалы анам тынбай еңбек етумен болды. Ал мен нағашы ата-әжемнің құшағында еркелеп, қаннен-қаперсіз өстім. Үйдің тірлігі жеңгелерімнен-ақ артылмайтын. Ата-әжем маған тек «сабағыңды оқы, сауатсыз болма, ертең жейтін наның» деп миыма құйып отырды. Бүгін міне, қолымнан ештеңе келмегендіктен біраз ыңғайсыз жағдайларға қалып, қысылып жүрмін.

Енем бір өзі жүріп жылдам қимылдап, шаруаны өзі дөңгелетіп үйреніп қалғаны көрініп тұр. Ал мен бір картопты 5 минут ашып отырғаныма ол кісінің алдында ұялдым. Қайта енем сабырлы кісі екен деп қуанып отырмын. Білмегенімді асықпай үйретіп, бүлдіргенімді басқаларға білдірмей түзетіп жүр.

Келін түсірген үй болғасын, келімді-кетімді қонақтардың аяғы саябырсыған жоқ. Біздің жақта, яғни, оңтүстікте «келіннің қолынан шай ішеміз» деп жиналатын ауылдың әйелдері тағы бар. Шай ішуге келген әйелдер бетіңе күле қарап, енеме «Келінің сұлу екен, аузыңның салымы бар» деп көрер көзге мақтап кеткенімен, сыртымыздан неше түрлі пыш-пыш әңгімелерді де таратып үлгеріпті. «Келін бос, сылбыр екен. Қабағы да ашылмай жүре ме, қалай өзі?» деп менің қобалжып жүргенімді басқаша жорып, сөз етіпті.

Күйеуімнің нағашы әжесі, яғни енемнің анасы үйге қонақ болып келді. Беймаза кісі екен. Бәріне ақылын тықпалап, көп сөйлейді. Өзім де әженің тәрбиесін алған қызбын. Бірақ менің әжем сөзден көрі, іске пысық. Бос сөзге уақыт шығындаудың орнына арамшөп отап, іс тіккенді жөн көреді.

Ал енемнің анасы сәл басқаша екен. Жас кезінде адуынды, ешкімге сөз бермейтін және басынан сөз асырмайтын жан болғаны қартайып, бойынан қуаты кетсе де білініп тұр.

Сол күні үйімізге қонды. Ертеңіне таңертең қатты шаршағаннан болар, ұйықтап қалыппын. Тал түс емес әрине, күнделікті сағат алтыларда тұрып жүрген болсам, бұл жолы сағат сегіз болғанша ұйықтаппын. Соған әже таң атпастан айқай салды.

«Бұл келін қазірден осындай болса, ертең екіқабат болғанда, бала туғанда қайтеді? Өзің шай қайнатып, кесе-шәйнек тасып жүре бересің бе? Оят, шақыр жас келінді, істет соған. Бетімен жіберме, кейін игере алмай қаласың. Ерте тұруға үйрет!» де жатыр енеме.

Ас бөлмеге мен кіріп келгенде «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп маған насихат айта жөнелді. Енем байғұс «Жас қой әлі, үйренеді ғой. Кеш кеш жатты, шаршаған шығар» дп ақтауға тырысып жатыр. «Кешіріңіздер, ұйықтап қаппын» дегенен басқа ештеңе айтпадым. Бірақ үлкен кісінің алдында ұятты болып қалдым-ау деп қынжылдым. Бір жағынан қарасаң, ол кісінікі де орынсыз сияқты. Былай қарап түрсаң, бұл үйге билігін жүргізбеуі керек қой. Құдағи жөнімен келіп, сый-құрметімен кетуді білмей ме?»