ERNUR.KZ. Бокстан жастар арасында Азия чемпионы Бахтияр Анарбаев Кентау қаласындағы №47 сайлау учаскесіне барып, Құрылтай сайлауында өз дауысын берді. Жас спортшы ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысу - әр азаматтың қоғамдық жауапкершілігін танытатынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі сайлау – елдің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін тарихи кезең.
«Бүгін мен азаматтық борышымды орындап, өз таңдауымды жасадым. Спортшы ретінде мен әрдайым жеңіске жету үшін тәртіп, жауапкершілік және нақты мақсат қажет екенін жақсы түсінемін. Бұл қағидалар ел дамуына да тікелей қатысты деп ойлаймын. Әрбір азамат өз таңдауына бейжай қарамай, ел болашағына қатысты мәселелерге белсенді араласуы маңызды. Құрылтайдың құрылуы – қоғамдағы түрлі пікірлердің естілуіне, халық пен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға жол ашатын маңызды қадам. Мұнда жастардың, спортшылардың, еңбек адамдарының, шығармашылық және кәсіпкерлік саланың өкілдерінің көзқарасы да ескерілуі қажет. Өйткені еліміздің ертеңі – бүгінгі қоғамның белсенділігіне байланысты. Мен жастарды елдегі қоғамдық өзгерістерге белсенді араласуға, өз азаматтық ұстанымын білдіруге шақырамын. Біз спортта ел намысын қорғап, көк туымызды көкке көтеруге тырысамыз. Сол сияқты бейбіт өмірде де еліміздің дамуына өз үлесімізді қосуымыз керек. Бүгінгі сайлау – әрқайсымызға ел болашағына деген жауапкершілігімізді көрсетуге мүмкіндік беріп отыр», – деді Бахтияр Анарбаев.
Қазіргі таңда Кентау қаласы бойынша 35 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Қала және қалаға қарасты ауылдарда 56 756 тұрғын сайлаушы ретінде тіркелген.


