«КӨНЕ МЕН КЕЛЕШЕК КӨПІРІ»: Түркістанда суретшілер мен фотографтар байқауы өтеді

0
992

Байқауға қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмайды.


«КӨНЕ МЕН КЕЛЕШЕК КӨПІРІ»: Түркістанда суретшілер мен фотографтар байқауы өтеді

Түркістанда суретшілер мен фотографтардың республикалық байқауы өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Түркістан Оқушылар сарайы – ЮНЕСКО клубы» Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдық мерейтойына орай қылқалам шеберлері және кәсіби, әуесқой фотографтар арасында «КӨНЕ МЕН КЕЛЕШЕК КӨПІРІ» атты республикалық байқау өткізеді. Байқауға Түркістанның өткені мен бүгінгі көрінісі бейнеленетін туындылар қабылданады. Байқаудың мақсаты – Түркістанның тарихи маңызы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттырып, елжандылық, Отансүйгіштік сынды патриоттық рухты қалыптастыру.


Фотобайқауға қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмайды. Тиісінше, қатысушылар Түркістанның өткен шақтағы (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, қала көріністері, қақпалары, көпірлері т.б.) және жаңа келбеті көрініс тапқан фотосуреттерін арнайы флешкамен немесе электронды пошта арқылы ұйымдастыру алқасына өткізеді.

- Қатысушылар байқауға берілген тақырыптарға сәйкес келетін және бұрын еш жерде жарияланбаған фотосуреттерін ұсынуға тиіс;

- Фотосуреттің форматы JPEG дәлдігінен, көлемі: 2000х2500 PX кем болмауы керек;

- Фотосуреттер бір папкаға жинақталып, қосымша парақта жіберушінің аты-жөні, мекен-жайы, оқу немесе жұмыс орны, телефоны жазылады;

- Байқау өтетін күні жұмыстарды А3 форматтағы рамкаға салып, алып келуі тиіс. Рамкаға салынбаған жағдайда, сәндік дизайн жасауға рұқсат етіледі;

- Ұсынылатын фотосуреттердің санына шектеу қойылмайды;

- Ұйымдастыру алқасының фотобайқауға қатысушылардың үздік жұмыстарын БАҚ беттеріне және жинаққа жариялауға құқығы бар.


Байқаудың екінші бағыты бойынша, қылқалам шеберлері берілген тақырыптарға сай келетін, Түркістанның тарихи маңызын ашатын, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыратын, елжандылық, Отансүйгіштік сынды патриоттық рухты қалыптастыратын шығармашылық картина ұсынуы қажет.

- Қатысушылар 150х100 см және 80х60 см өлшеміндегі кенепке майлы бояумен салған екі картина ұсынады;

- Картина багетпен көркемделуі қажет.

- Байқауға ұсынылған барлық картиналар ұйымдастырушылар есебінде қалады.


Ұсынылған жұмыстар:

- Байқаудың тақырыбына сай келмесе;

- Суреттің шығармашылық және техникалық сапасы нашар болса;

- Фотосуреттер мен картиналарда зорлық-зомбылыққа, ұлттық, нәсілдік және діни арандатушылыққа үгіттейтін белгілер байқалса;

- Анонимді (автор туралы нақты әрі шынайы ақпарат берілмесе) болса, ұйымдастырушылардың жұмыстарды авторға себебін түсіндірместен байқауға қатыстырмауға құқығы бар. Сонымен қатар, байқауда жүлделі орын алған жұмыстарды ұйымдастырушылар өз сайттары мен әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына жариялай алады.


Фотосурет номинациясының жүлделері:

- Бірінші орын – 200 000 (екі жүз мың) теңге.

- Екінші орын – 100 000 (жүз мың) теңге.

- Үшінші орын (2 үшінші орын) – арнайы сыйлық.

Қылқалам шеберлері номинациясының жүлделері:

- Бірінші орын – 200 000 (екі жүз мың) теңге.

- Екінші орын – 100 000 (жүз мың) теңге.

- Үшінші орын (2 үшінші орын) – арнайы сыйлық.


Байқауға ұсынылатын жұмыстар 2023 жылдың 22 наурызына дейін қабылданып, қазылар алқасының сараптау жұмыстары жүргізіледі. 30-31 наурыз күндері байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.


Қатысушылар жұмыстарын мына мекенжайға тапсыруы қажет: Түркістан облысы, Түркістан қаласы, 162 квартал, 387 телім «Оқушылар сарайы» ғимараты. Электронды почта: dshturkistan@mail.ru. Байланыс телефондары: +7 747 937 17 54 Асел Дощан, +7 775 664 2198 Назгүл Саттархан.


Қатысушылардың жолақысы, орналасуы мен тамақтану шығындары қатысушылар тарапынан.