Ашылған күні-ақ шекара бекеттерінен 300-ден астам адам барыс- келіс жасаған.
Мақтаарал ауданында Қазақстан мен Өзбекстан Республикаларын байланыстыратын "Сырдария" және "Целиный" шекара бекеттері қайта ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ашылған күні-ақ шекара бекеттерінен 300-ден астам адам барыс- келіс жасаған. Күні кеше аудан әкімі Бақыт Асанов бекеттердің жұмыс барысын қадағалап, жағдайымен арнайы танысты.
М-39 "Ташкент-Термез" дәлізінің бойында орналасқан шекара бекеттерін алдағы уақытта толық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын аудан басшысы атап өтті. Атап айтқанда, шекара маңынан сауда логистикалық орталықтарын құру, оның ішінде сауда базарлары, қонақ үй, автотұрақ, қоймалар салу көзделіп отыр. Сондай-ақ, шекара бекеттерінің аймағына көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, кеңейту жоспары жасалатын болады.
"Қазіргі таңда Атакент кентінің маңындағы "Атамекен" кедендік бекетін "Целинный" шекара бекетіне көшіру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Көрші елге өтпекші болған жүк көліктері кедендік бекет маңында кептеліске ұшырап, Атакент кентінде жол қатынасын қиындата түсті. Мәселенің бірден бір шешімі - кедендік бекетті көшіру" - деді Бақыт Насырханұлы.
Айта кетейік, аудан әкімі сала басшыларына "М-39" халықаралық дәлізін жөндеуден өткізіп, қалпына келтіру үшін ұсыныс хат дайындауға да арнайы тапсырма берді.