Мықтыбек Оразтайұлы: "Биылғы мақтаның бағасын Президент те шешпейді"

0
4 293

"Президент неге "бағаны көтер" деп айтпайды?" деген өкпе-реніштерге жауабым "жекеменшік кәсіпорындардың бағасына Президент те араласа алмайды". Мәселен, сиырымды базарға қандай бағаға сататынымды өзім білемін ғой, сол секілді".


Мықтыбек Оразтайұлы:

ERNUR.KZ ақпараттық порталының тілшісі әлеуметтік желілерде «Ұлы Дала Диқаны» атымен танымал, жетісайлық диқан Мықтыбек Оразтайұлымен Мырзашөл өңіріндегі «Ақ алтын» өндірісі төңірегінде аз-кем сұхбаттасқан еді.

- Мықтыбек мырза, биылғы мақтаның түсімі қалай? Өзіңіз неше гектарға тер төктіңіз?

- Биылғы мақтаның түсімі қанша болатыны әлі белгісіз. Өйткені, жиын-терім енді басталып жатыр. Дегенмен, сәл-пәл ғана айрмашылық болмаса, жылдағыша болатын сияқты. Биыл ағын су тапшы, ауа-райы да бір қалыпты болмады. Жаз тым қатты ысып, күз ерте түсіп, тамызға жетпей күн салқындап кетті. Соның салдарынан көсек құрттары пайда болды. Міне, осы факторлар мақтаның өнімін едәуір азайтуы мүмкін. Сондықтан түсім қандай болатыны жиын-терімнің соңында мәлім болады. Мен 6 гектар жерге мақта ектім. Бірер аптаның ішінде жинауды бастаймын.

- Қазіргі мақта бағамына байланысты не айтасыз? Мақта өсірушілерге мемлекет тарапынан қандай да бір қаржылай қолдау болды ма?

- Қаржылай қолдау талап етуге ұяламыз. Өйткені, ертең мақтадан түскен ақшаны мемлекетпен бөліспейтініміз анық. Арзан бағамен минералды тыңайтқыштар берілуші еді. Биыл тым кешігіп, уақытында жетпеді. Ал коммерциялық баға жылдағыдан 2-2,5 есе қымбаттап кетті. Жылда арзандау бағамен жанар-жағар май берілетін. Биылғысы есімде де жоқ. Субсидия бөлінетіні рас. Бірақ мен секілді біреудің жерін жалға алып жүргендерге тимейді. Оны жердің шын иесі ғана алады.

- Жекеменшік мақта зауыттарының өнім қабылдау, бағаны өз бетінше белгілеуіне көңіліңіз тола ма?

- Былтыр «Ақ алтынның» бағасы 150-175 теңге аралығында болды. Биыл 170 теңгеден басталып жатыр. Алайда былтырғыдан гөрі шығынның тым көбейіп кетуі себепті, 170 теңгеңіз арзандау. Мақта егушілер 200 теңгеге көтерілгенін күтіп еді, олай болмады. Құтпан жылы селитра мен жағар май, мақтаның тұқымы, ағын суға төлейтін төлем көтеріліп кеткен. Енді комбайндар әр гектар жерді 50 мыңнан тереміз деп баға шығарыпты (былтыр 40-42 мың еді). Сол себепті де бағаның бұдан гөрі жоғарылау болғаны дұрыс еді.

- Соңғы жылдары мақта өндірісімен айналысу пайда алып келмейді деген түсінік қалыптасты. Айтарыңыз бар ма?

- Баяғыдай емес, жердің құнарлылығы төмендеп кетті. Ауыспалы егін шаруашылығымен айналысыңдар деп жергілікті билік қайта-қайта ескертеді. Тыңдайтын құлақ жоқ. Тек мақта еге берген соң жер құнарсызданады. Басқа да дақылдар егіп, жерді шамалы күшейтіп, демалдырып отырған жөн. Мақта өсірудің де өз өркениеті бар. Гектарына 20-25 центнер алу қазір таңсық емес. Қазір мақтаға беретін жаңа тыңайтқыштар, мақтаның жейтін тамағы іспеттес витаминдер шығып жатыр, оны қолданып жүрген ешкім жоқ. Жаңалықты бірден қабылдай қоймайтын халықпыз ғой. Сондай заманауи әдістерді қолданып, бұрынғыдан көбірек өнім алу үшін әрекет етпей, 15-20 жыл бұрынғы ескі әдіспен әлі сүйретіліп келеміз.

- Анығында, мақтаның бағасы орташа есеппен қанша болуы керек? Өңірдегі мақта комбинаттары «ақ алтынды» қаншалық өңдеп кәдеге жарата алады?

- Жекеменшік мақта жинау, өңдеу зауыттарын мемлекет меншігіне өткізу керек дейсіз. Не өзгереді? Мақтаның әр келісі 200 теңге болғаны дұрыстау еді, алайда нарық заңдылығымен 170 теңгеге бағаланып тұр. Зауыттағылар да өздеріне пайда қалдырғысы келеді. Олар мақтаны өңдейді. Қаншама жұмысшылары, техникасы, төлейтін салығы бар. Өздеріне пайда қалатындай етіп бағаны солай белгілеген болар. Бұл жағы тіпті өңдеу зауыттарының да қолында емес шығар. Барлығы дерлік әлемдік нарық бағамына бағынады. Мемлекет меншігіндегі мақта өңдеу зауыттары шаруаларға қаншалық пайда келтіретінін нақты білмеймін. Дегенмен, «Президент неге бағаны көтер деп айтпайды?» деген өкпе-реніштерге айтарым - жекеменшік кәсіпорындардың бағасына Президент те араласа алмайды. Мәселен, сиырымды базарға қандай бағаға сататынымды өзім білемін ғой, сол секілді.

- Ашық сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

көрнекілік фото: Жетісай ауданы әкімдігінің парақшасынан алынды