Аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне аталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.
ERNUR.KZ.Оңтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлықты төмендету мақсатында білім беру ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру және мектеп директорларын тағайындау жұмыстары жаңаша форматта жүзеге асырылатын болды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалық етуімен өткен селекторлық жиында аталған мәселе жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков білім саласында орын алған бірқатар сыбайлас жемқорлық деректеріне тоқталып, оның алдын алу жолдарын ұсынды.
«2015 жылдан бері сыбайлас-жемқорлық, құқықбұзушылық фактілеріне жол берген білім саласының 55 қызметкері тәртіптік, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Осындай олқылықтың алдын алу мақсатында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып отыр. Осыған дейін педагогикалық қызметке кандидаттар, жоғарғы оқу орындарының түлектері, бос жұмыс орындарын іздеу мақсатында барлық білім беру ұйымдарын аралауға мәжбүр еді. Аталған жүйе енгізілгеннен кейін веб-портал арқылы онлайн-өтінішті жолдап, конкурстық негізде іріктеуден өтіп жұмысқа қабылдауға комиссияға ұсынылады. Бұл жұмыстар қоғамда орын алатын сыбайлас-жемқорлық фактілерінің туындауына біршама кедергі туғызады деп санаймыз» – деді Ұласбек Сәдібекұлы.
Бұл жүйе Шымкент қаласындағы барлық мектепке орнатылған. Нәтижесінде қаладағы білім ұяларында 12, ал облыс бойынша 205 бос жұмыс орны бар екені анықталған. Дегенмен, кейбір аудандарда аталған жүйенің мақсатты жұмыс істеуі үшін қажетті кабинеттер жабдықталмаған. Сонымен қатар, бұл жүйенің және кабинеттің жұмысын үйлестіру үшін ІТ-мамандар бірліктері бөлінбеген.
Аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне аталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.
Сонымен қатар, мектеп директорларының оқу-тәрбие және педагогикалық инновация жұмыстарымен айналысуына толық мүмкіндіктер жасау мақсатында білім беру ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыруды және мектеп ғимараттарын ұстау қызметтерін жаңа формада ұйымдастыру үшін жергілікті жерлердегі коммуналдық шаруашылық қызметіне беру механизімін қарастыру жөнінде ұсыныс жасалды.
«Біз білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындаудағы дәстүрлі жүйені түбегейлі өзгертіп, жаңашылдыққа бет бұруды бастадық. Ол – заман талабы. Қазіргі таңда, облыс бойынша 7 ауданда 25 мектеп директоры лауазымы қызметіне бос орын болғанымен сайтқа жарияланбай отыр. Олар Арыс, Қазығұрт, Мақтарал, Отырар, Сайрам, Төлеби, Түлкібас. Сонымен қатар, 2018 жылдың І-тоқсанында Білім басқармасына жеке тұлғалардан 104 арыз-шағым келіп түссе оның 68-і мектеп басшылығына қатысты, 9-ы сыбайластық фактілеріне, 12-сі еңбек қатынасына қатысты, қалған 15-і өзге де мәселелерді құраған. Міне, осы проблемаларды болдырмау тікелей жергілікті әкімдіктің жұмысы. Білім саласына сандық технологияның жетістіктерін және өзге де жаңа заманға жүйелерді енгізіп, туындаған мәселелерді түбегейлі шешудің жолын табу керек», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековке талдау жұмыстарын жүргізуді және кемшілікке жол берген мамандарға тиісті шара көруді тапсырды. Сонымен бірге мектеп директорларын ротациялау бойынша ұтымды ұсыныс жасау қажеттілігін айтты. Себебі, арнайы зерделеу барысында бір мектепте 15 жылдан жоғары – 36, 20 жылдан жоғары - 19 директор қызмет ететіндігі анықталған.