Бұған дейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдары 1 200 томнан тұратын қылмыстық іс облыстық прокуратураға түскен деген ақпарат таратқан болатын. Ал, Облыстық ІІД әкімшілік полициясына қарасты тіркеу-емтихан бөлімінің 36 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс 2016 жылдың шілде айынан бері жалғасуда.
Оңтүстік Қазақстан облысында уақытша тергеу абақтысына қамауға алынған әкімшілік полициясы тіркеу-емтихан бөлімінің 36 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс әлі прокуратураға түспеген. Бұл туралы Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Ерлан Абаевқа сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.
Ерлан Абаевтың айтуынша, бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары облыстық қадағалау органына түспеген. Қазір іспен қылмыстық процес қатысушылары, айыпталушылар, жәбірленуші тарап және қорғаушылар танысуда.
Мәселен айыпталушылардың бірін қорғауды өз мойнына алған адвокат Әбдіраман Аққұлов әлі күнге қылмыстық іспен танысып жатқанын айтады.
«Бізге құзырлы органдардан 2017 жылдың 5-ші шілдесі күні тергеу әрекеттерінің жүргізілу барысы аяқталғаны туралы ресми түрде хабарлама берілген. Қылмыстық іс құжаттары күдіктілерге танысу үшін тапсырылады деп хабарланған. Қазір мен қорғауымдағы азаматтың қылмыстық ісімен танысып жатырмын. Әлі қарап біткен жоқпын», - дейді адвокат Аққұлов.
Айта кетейік, бұған дейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдары 1 200 томнан тұратын қылмыстық іс облыстық прокуратураға түскен деген ақпарат таратқан болатын.
Облыстық ІІД әкімшілік полициясына қарасты тіркеу-емтихан бөлімінің 36 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс 2016 жылдың шілде айынан бері жалғасуда. Ұсталғандарға ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, жетекшілік ету, қатысу, пара алу және беру, қызмет бабын асыра пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қылмыстар жасады деген айып тағылған.
Сондай-ақ, бұрынғы полиция қызметкерлері Қазақстандық және Ресейлік жалған нөмірлер мен мөр жасады, оны пайдаланды және жәбірленушілерге миллиардтаған шығын келтірген деген кінә тағылуда. Бүгінгі таңда осы қылмыстардың арқасында мемлекетке баж салығын төлемеген мыңға жуық көлік анықталып, 4,4 млрд. теңге шығын келгені белгілі болды.