ОҚО: Ерлік жасаған мектеп оқушысы марапатталды

0
2 025

Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында Мұхаметәлі сынды адам өмірін сақтап қалған 4 бала бар.


ОҚО: Ерлік жасаған мектеп оқушысы марапатталды

Суға батқан бүлдіршінді аман алып қалған Мұхаметәлі Құраққа облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы арнайы алғыс хат табыстады. Департамент қызметкерлері осылайша 6 сынып оқушысының ерлігін өзгелерге үлгі етіп, жастарды құтқарушы болуға үгіттемек деп хабарлайды ERNUR.KZ TVK арнасына сілтеме жасап.

Бүгінде 6 сыныпты тәмамдаған Мұхаметәлі Құрақ оқиға әлікүнге көз алдымда дейді. 2016 жылдың 30 наурызында тынымсыз жауған жауын-шашынның әсерінен Қаржансу өзені арнасынан асқан. Сол уақытта Мұхаметәлі қыр басында мал жайып жүріпті. Көршісінің үш жастағы қызы суға кеткенін естіп, бірден өзенге секірген. Ес түссіз жатқан бүлдіршінді қауіпсіз жерге шығарып, алғашқы көмек көрсеткен.

Мұхаметәлі ҚҰРАҚ,6 сынып оқушысы:

-Ақбілек есін жинаған соң, кесін шақырдым. Әкесі оны ауруханаға алып кетті. Мен мұны мектепте үйрендім. Сондай-ақ, кинода көргенмін.

Ол кезде Мұхаметәлі бар-жоғы 4 сыныпта оқыған. Қаршадай баланың көзсіз ерлігі еленбей қалған жоқ. Ішкі істер министрлігі кеудесіне төсбелгі тағып, сый-сияпатын үйіп-төкті. Ал, облыстық төтенше жағдайлар депатаменті, жыл сайын елеп-ескеріп құрметін көрсетіп келеді. Басты мақсат- ержүрек баланы бүкіл елге насихаттап, өзгелерді өнеге алуға шақыру.

Зарипа ТҰРЫСБЕКОВА, ОҚО ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының жетекшісі:

-Жас батырымызды жыл сайын құттықтаймыз. Себебі оның ерлігі насихаттауға тұрарлық. Осындай жолмен өзге балаларды төтенше жағдай кезінде қалай әрекет етуге үйреткіміз келеді.

Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында Мұхаметәлі сынды адам өмірін сақтап қалған 4 бала бар. Олардың екеуі Сарыағаш, 1 Қазығұртта, тағы бірі Мақтарал ауданында тұрады. Таяуда ішкі істер министрлігі жас батырларға арнайы марапат ұсынған болатын.