Отырарлық кәсіпкер 1000 адамдық мешіт салып берді

0
2 558

«Есен ана» атауы берілген исі мұсылман баласының ортақ рухани орнын салтанатты түрде ашып, ел игілігіне беруге Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз арнайы қатысып, лентасын қиды.


Отырарлық кәсіпкер 1000 адамдық мешіт салып берді

Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында мың адамға лайықталған жаңа мешіт ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

«Есен ана» атауы берілген исі мұсылман баласының ортақ рухани орнын салтанатты түрде ашып, ел игілігіне беруге Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз арнайы қатысып, лентасын қиды.

"Ұлық Алланың қалауымен біздер Ұлылар отаны атанған – Отырар ауданында мұсылман баласының қажетті дұға-тілектерін бір Алла Тағаладан ғана сұрайтын, пенделік қателіктері үшін кешірім сұрап, тәубеге келер мекені зәулім мешіттің ашылу салтанатының куәсі болып отырмыз. Күмбезі ұзақтан көз тартатын мешіттерді қай тұрғыдан алсақ та, әр пендеге жақсы ой мен ізгілікті амалдарды еске салатыны белгілі. Мешіттен аттап өтуге ешкімнің жүрегі дауаламайтыны да сондықтан. Алланың қаһарынан қорыққан жан құлшылық жолында жүрмесе де, дүниеден қайтқан аруақтардың рухтарына «Құран» бағыштатып, садақасын салып, басына саулық, отбасына амандық, ел-жұртына тыныштық тілейді, шын жүрегімен езіліп, шүкірлік айтады. Ендеше, жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын",- деп ізгі тілегін жеткізіп, мешітке қасиетті Құран кітабын сыйға берді.


"Есен ана" мешітін отырарлық кәсіпкер Өскенбай Үсенов өз қаржысына салдырып, киелі мекен халқына тарту етті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" мақаласындағы "Туған жер" бағдарламасы аясында қолға алынған "Туған жерді түлету - перзенттік парыз!" акциясы ауданның әлеуметтік әлеуетінің артып, кескін-келбетінің ажарлануына жоғары деңгейде үлес қосып жатқаны белгілі. Осы орайда, діңгегі тамырлы елге тектілікпен мән беріп, мүмкіндігін мейлінше халық игілігіне бұрған ауданға жанашыр тарланбоз кәсіпкерлерге аудан әкімінің де айтар алғысы мол.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында тәуелсіз еліміздің ақ таңындағы тамаша қуанышты күндердің куәсі болып келеміз. Бүгінде Ұлт Көшбасшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласы халқымыздың рухани құндылықтарын қайта түлетіп, елдің еңсесін көтерген бағдарлы даңғыл жолымызға айналды. Міне, осы мақаланың "Туған жер" бағдарламасы, сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан "Туған жерді түлету - перзенттік парыз!" аяциясы аясында ауданымызда ауқымды игі жұмыстар жүзеге асып келеді. Ауданнан түлеп ұшқан кәсіпкерлер Отырардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына өзіндік үлесін қосып, қолтаңбаларын қалдыруда. Отырар ауданынан түлеп шығып, еліміздің әр өңірінде үлкен жетістіктерге жетіп, қызмет етіп келе жатқан ел ағаларының қолдауымен Ашық спорт алаңдары, жабық спорт кешені, 5 ауыл округіне мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты ортаға бейімдеу орындары, ҰОС ардагерлерінің құрметіне арналған мемориалдық кешен салынып, елдің игілігіне берілуде. Соның бірі – ауданымыздың төл перзенті, меценат Өскенбай Серікбайұлы салдырған зәулім - "Есен ана" мешіті. Осынау тарихи сәттің күндердің сұлтаны болған қасиетті жұмаға тұспа-тұс келуі де бекер емес. Имандылық пен ізгілікке есігін айқара ашқан мешіт игі істердің бастамасы болсын! Мемлекетіміз өркен жайып, еліміз молшылыққа, ал әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін!",-деген Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлына бабтардың бабы - Арыстанбабтың мөрі бейнеленген қолөнер бұйымы мен аудан тарихынан сыр шертетін үш тілде дайындалған «Отырар жәдігерлері» кітап-альбомын тарту етті.

"Мешітті салу туралы ой туған жерге деген іңкәр сезім мен ыстық ықыластан туындады. Руханиятқа тұнған, шежірелі тарихты мекеннің халқы қай кезде де өзіндік рухани биіктігімен үлгі болуы тиіс. Біздің ел мен туған жерге деген махаббатымыз перзенттік парызымызбен келешек ұрпаққа тәрбие болып қаланары хақ. Рухани өлкедегі рухани серпіліс, рухани жақсылық, жаңалығымыз азаймасын. Бабалар қалдырған тарих мирасын жандандыруға, ажарландыруға үлес қосу баршамыздың парызымыз. Жерлестерімді туған жерді түлетуге атсалысуға шақырамын",-деді кәсіпкер Өскенбай Үсенов.


Қайырымдылық шараларының бел ортасынан табылып, ізгілікті істерге ұйытқы болған жомарт жүректі азаматқа отырарлықтар атынан Жаңабай Әлсейітов ақбоз ат мінгізсе, ел қариялары ақ баталарын берді.

Шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Өстемір Бектөреев пен зейнеткер Әбілқасым Құлымбетов жаңадан ашылған имандылық ордасы ауыл тұрғындары ғана емес, өсіп келе жатқан жастардың бойына имандылық нұрын құйып, ел-жұртты бірлікке, татулыққа ұйытсын деген ізгі тілектерін білдірді.
Жиылған жұрт мешіт намазын оқып, бабалар рухына арналған асқа қатысты.