Өзбекстан Республикасы Түркістанға мешіт тарту етеді

0
904

Жобаға Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қолдау көрсетіп отыр.


Өзбекстан Республикасы Түркістанға мешіт тарту етеді

Түркістан облысының әкімі Өзбекстан делегациясымен кездесті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өзбекстан Республикасынан келген делегация Түркістан қаласындағы бірқатар құрылыс алаңдарын аралады. Алдымен, көрші елден келген қонақтар қалаға кіреберісте бой көтерген, әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған мешіт құрылысының басында болды. Сәулеті ерекше Ислам орталығының ішкі және сыртқы безендірілуін шығыстық нақышта жүргізу жоспарланған. Аталған бірегей жобаға Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қолдау көрсетіп отыр. Көрші Өзбекстан мемлекетінің Түркістанға тартуы ретінде салынып жатқан мешіттің құрылысын күзде аяқтау жоспарланған.

Іссапар барысында облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы құрылыс қарқыны мен сапасына баса назар аудару қажеттігін ескертіп, құрылыс бекітілген кестеге сай аяқталуын жүктеді. Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасынан келген делегация өкілдері рухани астанадағы бірнеше құрылыс алаңдарын аралап, шаһардың ерекше көркіне қызығушылықтарын білдірді.

Айта кетейік, осы кездесу аясында екі тарап Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта тігін фабрикасын салу мәселесін де көтерген. Нәтижесінде облыс орталығында жаңа кәсіпорын ашылып, 1200 адам жұмыспен қамтылады.