Сапасыз қызмет көрсеткен адвокат жауапкершілікке тартылады

0
1 321

2020 жылдан бастап сапасыз заң көмегі көрсетілген жағдайда азаматтардың шығыстарын сақтандыру арқылы өтеу жоспарлануда.


Сапасыз қызмет көрсеткен адвокат жауапкершілікке тартылады

ERNUR.KZ. Елімізде 2018 жылдың 22 шілдеcінен бастап, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа Заң жұмыс істей бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ақпараттық порталы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы бүгін Түркістан облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Мейіржан Исабеков Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.

Оның сөзінше, заң көмегін көрсететін адвокаттар, заң кеңесшілер, мемлекеттік органдардың қызметтерін қамтитын Заң, енді «Адвокаттық қызмет туралы» және «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» қос бірдей Заңның орнында қолданыста болады.
«Бүгінгі таңда конституциялық құқықты толық заңды жүзеге асыруды қамтамасыз ету кезінде бірнеше мәселелер туындауда. Мәселен, кей жағдайларда заң қызметкерлері азаматтарға жоғары сапада көмек көрсете алмай жатады. Сондай-ақ, мамандардың білімі тез ескіріп, нәтижесінде жүйелі түрде біліктілігін арттыру қажеттілігі туындайды. Адвокаттардың жетіспей жатуы да үлкен мәселеге айналуда. Міне, жаңадан қабылданған Заң осы кемшіліктерді жоюға бағытталған. Заңды жүйелі түрде насихаттау үшін нақты шаралар жоспары бекітілген. Атап айтқанда, аталған саладағы стандарттар мен сапа өлшемдері, кәсіби қағидалар және ережелер белгіленеді. Сапасыз заң көмегі көрсетілген жағдайда субъектілерді жауапкершілікке тарту механизмі жетілдірілді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету институты енгізілді», – деді Мейіржан Нұржанұлы.
Одан бөлек, жаңа Заң аясында халықты ақпараттандыру мақсатында заң көмегінің орташа құны анықтау қарастырылады. 2020 жылдан бастап сапасыз заң көмегі көрсетілген жағдайда азаматтардың шығыстарын сақтандыру арқылы өтеу жоспарлануда. Сондай-ақ, Адвокаттар алқасына кіру үшін кіру жарналарын төлеуді алып тастау арқылы мүліктік кедергіні жою қамтамасыз етілді. Адвокаттардың аттестациялау және кәсіби біліктілігін арттыру механизмі қайта қарастырылған. Сонымен қатар, адвокаттар алқаларының басқару органдарында болу мерзімдеріне шектеулер бекітілді. 2019 жылдан бастап адвокаттық ордерді алып тастау көзделген.
Айта кетейік, мамандардың сөзінше аталған Заң әлемнің дамыған елдеріндегі құқық қорғау саласының тәжірибесіне сүйеніп жасалған.
Мемлекет басшысы мақұлдаған Заңның мақсаты – адвокаттық қызметті және заң көмегін көрсетуді кешенді түрде жетелдіру.