Мектеп директорына және жауапты орынбасарларына тиісті шаралар көріледі.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Сарыағашта мектепке келген оқушылар сенбіліктен кейін боялған парталардың иісінен өздерін жайсыз сезінген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Әлеуметтік желілерде «сарыағаштық оқушылар жаппай уланды» деген әңгіме тараған еді. Бұл ақпаратты Түркістан облысы білім басқармасы жоққа шығарды. Басқарманың хабарлауынша, қазіргі таңда балаларға ешқандай қауіп жоқ. Балалар мен ұстаздардың қауіпсіздігін Түркістан облысы білім басқармасы жіті назарға алған.
«Дүйсенбі таңертең мектепке келген оқушылар сенбіліктен кейін боялған парталардың иісінен өздерін жайсыз сезінгеннен кейін мектеп медбикесі алғашқы көмек көрсетіп, ары қарай тексеруге бірден жедел-жәрдем шақырған. Балалар 1 сағаттай ауруханада тексерілгеннен кейін, оларға айран беріліп, алаңдатарлық жағдай болмаған соң үйлеріне қайтарылды. Қазіргі таңда оқушылардың барлығы 3 күн қашықта білім алуын жалғастырып жатыр. Ауруханаға барлық оқушы емес, 29 оқушы, 10 мұғалім барған. Балалардың барлығы және 8 мұғалім үйіне қайтты. 2 мұғалім ауруханада дәрігерлердің бақылауында. Жалған ақпарат таратпай, ресми өкілдің ресми жауабына сүйеніп жазуларыңызды сұраймыз. Бос дүрліктірмесеңіздер. Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімімен ҚР ҚК-нің 304-бабы, 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп тергеп-тексеру амалдары жүруде. Одан бөлек Білім бөлімі тарапынан зерделеу комиссиясы құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қабылданған шешім бойынша қосымша хабарланатын болады. Заң аясында жалған ақпаратты тарату бойынша шектеулер бар екенін ескертеміз» - делінген басқарманың ресми хабарламасында.
Ақпаратқа сүйенсек, басқарма басшысы Ғалымжан Сұлтанбекұлы жағдайды өз бақылауына алып, Сарыағаш ауданына арнайы іс-сапармен барған. Сөйтіп, мектеп ұжымы және ата-аналармен кездесіп, екі жақтың уәжін тыңдаған.
«Оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі қатаң бақылауда. Аудандық прокуратура шағым негізінде тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесіне сәйкес, мектеп директорына және жауапты орынбасарларына тиісті шаралар көріледі», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Сарыағаш ауданындағы жағдайға қатысты аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тергеп тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр екен.
«Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті нақты қанша адам уланғандығы мен мән-жайды толық анықтаған соң ресми ақпаратты хабарлайды», - деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.