Сауда және интеграция вице-министрі Түркістанға келді

0
358

Өңірдің инвестициялық климатын жетілдіру жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады.


Сауда және интеграция вице-министрі Түркістанға келді

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Түркістан облысына келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан облысына жұмыс сапарымен ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев келді. Іссапар барысында вице-министр облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровпен бірге облыстың бірқатар өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті. Өңірдің инвестициялық климатын жетілдіру жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады.


Қайрат Төребаев, алдымен, облыс аумағында орналасқан Өндірістік паркте болып, онда орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Түркістан облысы халқының негізі табыс көзі ауыл шаруашылығы болғандықтан, көкөніс сақтайтын заманауи қойманың қажеттілігі орасан. Өткен жылдың қазан айында Өнідірістік парк аймағында негізі қаланған қойма жобасының бастамашысы әрі жүзеге асырушысы – «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Жобаның серіктесі – «М-Адал» ЖШС. 1 гектар аумақта бой көтеріп жатқан қойманың көлемі – 3264 шаршы метр. Сауран ауданы аумағында орналасқан бұл қоймада маусымына 4000 тонна көкөніс сақталады. Мұнда 35 адам жұмыспен қамтылмақ. Қоймада ірі 9 камера бар. Оның 4 камерасының әрқайсысында 500 тоннадан, жалпы 2 мың тонна картоп сақталса, екі камерасына 500 тоннадан, жалпы 1000 тонна пияз сақталмауға мүмкіндік бар. Сонымен бірге 250 тонна сәбіз, қырыққабат сақтайтын камералары да іске қосылады деп жоспарланған. Ал 500 тонна көкөніс құрғақ қоймада орналастырылады.


Одан соң, вице- министрге еліміздегі тұңғыш су үнемдеу құрылғыларын шығаратын «BNK Group LTD» ЖШС жұмысы таныстырылды. Негізгі мақсат – жаңа технологияның көмегімен су үнемдей отырып, өнім көлемін арттыру. Биыл өңірде су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланған. Кәсіпорын басшысы Ниязәлі Бейсенбаев өндіріс орнының алдағы жоспарларымен бөлісіп, тауар өткізу нарығын кеңейту, мемлекет тарапынан ынталандыру шараларын арттыру бойынша ұсынысын жеткізді.