Сенатор Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жұмысын оң бағалады

0
2 386

Аталған институт мақтаның 12 сортын, қауынның 4 сортын ойлап тапқан.


Сенатор Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жұмысын оң бағалады

ERNUR.KZ. ҚР Парламенті сенатының депутаты Али Бектаев іс-сапармен Мақтаарал ауданына келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапары барысында халық қалаулысы Мырзакент кентіндегі «Ақ алтын» мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен арнайы кездесіп, мәжіліс өткізді. Өз сөзінде Али Әбдікәрімұлы жаңадан аудан болған мақтааралдықтарды құттықтап, Мырзашөл өңіріне деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ықыласы ерекше екенін атап өтті.

- Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қиын-қыстау кезеңге тап болып, қаржының тапшылығынан көптеген аудандар біріктіріліп, бір әкімшілік орталықтан басқарылды. Сол жылдары Мақтаарал, Жетісай, Асықата аудандарының орнына іріленген Мақтарал ауданы құрылып, орталығы Жетісай қаласы болды. Бүгінгі таңда еліміз еңсесін тіктеп, дамыған 50 елдің қатарына енді. Бюджетіміз толып, қаржы мәселесі өз шешімін табуда. Мінеки, арадан 21 жыл өткеннен кейін Елбасымыздың іріленген Мақтарал ауданын 2-ге бөлу туралы Жарлығы шығып, бұрынғы Мақтаарал ауданы қайтадан құрылды. Ауданның өз бюджеті болып, алдағы уақытта жаңадан құрылған Мақтаарал адам танымастай өзгеріп, құлпырып, дамитынына мен сенемін, деді Али Бектаев.

Жиынды жүргізіп отырған аудан әкімі Бақыт Асанов жаңадан құрылған ауданға ең бірінші болып келгені үшін халық қалаулысына алғысын айтып, аудан тұрғындарын киелі Мырзашөл өңірінің қара шаңырағы саналған Мақтаарал ауданын дамытуға бірігіп атсалысуға шақырды.

- Ағымдағы жылдың 10-шы тамызынан бастап заңға сәйкес аудан әкімдігінің құрылымдық бөлімдерінің басшыларын тағайындау жүзеге асырылады. Тиісті тағайындаулардан кейін кесте бойынша әкімшілік аумақтық бірліктердердегі тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді анықтайтын боламыз. Сондықтан, мен Сіздерді ынтымақ-бірлікті арттыруға, ауданымызды көркейту, абаттандыру және дамыту жолында бірігіп жұмыс жасауға шақырамын, деді Бақыт Нәсірханұлы.

Сенатордың тұрғындармен кездесуі барысында өңірде қордаланған көптеген мәселелер талқыланды. Али Бектаев тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен жасалған өтініштерді барынша шешуге ат салысатынын, жаңадан құрылған ауданға қолдау көрсету үшін үкіметке депутаттық сауал жолдайтынын атап өтті.

Мәжілістен соң депутат Атакент кентіндегі Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болып, аудан ғалымдарының тың жаңалықтарымен танысты. Институт директоры Ибадулла Үмбетаев мекеменің лабараторияларын аралатып, ғалымдардың жұмыс барысын көрсетті. Осы уақытқа дейін мақтаның 12 сортын, қауынның 4 сортын ойлап тапқан институттың жұмысына Али Бектаев дән риза болып, ғылыми қызметкерлердің еңбегіне табыс тіледі.