Шардарада «Түркістан барысы» анықталды

0
100

Бозкілемде облысымыздың аудан-қалаларынан келген үздік балуандар күш сынасты.


Шардарада «Түркістан барысы» анықталды

Шардаралық Қайсар Шамшидинов «Түркістан барысы» атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Шардара ауданында қазақ күресінен ересектер арасындағы «Қазақстан барысы» республикалық турниріне Түркістан облысы бойынша іріктеу додасы – «Түркістан барысы» өз мәресіне жетті. Дүбірлі дода Шардара аудандық спорт кешенінде өтіп, бозкілемде облысымыздың аудан-қалаларынан келген үздік балуандар күш сынасты.


Жарыстың ашылу рәсімінде Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков пен Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров балуандарға жеңіс тіледі. Тартысты өткен турнир қорытындысы бойынша шардаралық Қайсар Шамшидинов «Түркістан барысы» атанып, республикалық кезеңге жолдама алды. Екінші орынды Түркістан қаласының өкілі Бибарыс Әбдіғани еншіледі. Ол да республикалық турнирге қатысу мүмкіндігін жеңіп алды. Үшінші орын Сауран ауданының балуаны Нышанбай Құдайбергеновке бұйырды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге бағалы ақшалай сыйлық тапсырылды.


Күрес тойына арнайы келген ақсақалдар, спорт ардагерлері, жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, спортшылар мен ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.


«Түркістан барысы» – өңір спортының дамуына серпін беретін, ұлттық күрес өнерін дәріптейтін маңызды спорттық шара. Жеңімпаз балуандар алдағы уақытта өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде Түркістан облысының намысын қорғайды.

Бөлісу