​Шетелдерде өнер көрсетіп жүрген жетісайлық ұжымға - 17 жыл

0
1 548

Эстетикалық тәрбиенің ең басты салаларының бірі – музыка, өнер.


​Шетелдерде өнер көрсетіп жүрген жетісайлық ұжымға - 17 жыл

Түркістан облысы Жетісай ауданындағы №3 Ю.Гагарин атындағы жалпы орта мектебінің «Салтанат» халықтық өнер ұжымында бүгінде 100-ге тарта мүшесі мен 50-ге тарта би түрлері, 50-ге тарта түрлі наградалары бар, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Мектеп басшысы Бақыт Набатованың қамқорлығымен 2001-жылдың қыркүйек айында құрылған «Салтанат» бишілер тобы бүгінде аудан мен облыстық мәдени іс-шараларда ғана емес республикалық іс-шараларға, халықаралық байқауларға қатысып ел мерейін үстем етіп жүрген ұжым. 2004-жылы Арыс қаласындағы және дәл осы жылы өткен «Балауса – 2004» облыс аралық ән-би байқауларында бас жүлде, Астана қаласы «Конгресс холл» сарайында өткен «Әнші балапан» ән-би байқауында І орын, 2006-жылы Орал қаласында Ш.Жиенқұлова атындағы ІІІ Республикалық қазақ биі бойынша кәсіби би ұжымдарының арасында өткен сайыстың дипломанты, 2007-жылы Белорусияда өткен «Золотая пчелка» халықаралық ән-би байқауында І орын, 2008-жылы Түркіменстан мемлекеті «Алтын ғасырдың алтын ұрпақтары» халықаралық фестивалінің арнайы дипломы мен республика Үкіметінің алғыс дипломымен марапатталып түрлі деңгейдегі байқаулардан жүлдесіз оралмайтын аталмыш ұжымның өнерін бағалап, қаржылай да, рухани да жағынан демеушілік етіп жүрген қазақтың нар тұлғалы, жомарт жүректі ұлдарының бірі – Жәңгір Әбиболлаев.

Б.Набатованың бұл көрегенді идеясы мен еңбегінің жемісі «Салтанат» бишілер тобының жеткен жетістіктері мектептегі әрбір оқушыны саналылыққа жетелеп, еңбекке деген сүйіспеншілігінің жан-жақты дамуына ықпал жасауда, олардың бойына туған елінің өнеріне, мәдениетіне деген құрмет пен мақтаныш сезімін тәрбиелеуде. Соның нәтижесінде ең алғаш аталмыш мектептің 20 шәкіртімен шаңырағы көтерілген би ұжымының қазірде 100-ге жуық мүшесі, репертуарларында 50-ге жуық би түрлері мен 50-ден астам түрлі наградалары бар.

Білікті маман басшылығындағы «Салтанат» бишілер тобына елге сіңірген елеулі еңбегі мен ұлттық биді дамытуға қосқан орасан үлесі үшін 2008-жылы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамед мырзаның №159 бұйрығымен «Халықтық өнер ұжымы» атағы берілген. Шаңырағы көтерілгелі көрермендердің ықыласына бөленіп жүрген биші қыздарымыз жыл сайын туған елде есептік концерттерін беруді дәстүрге айналдырған. Биыл өздерінің 12-ші есептік кешін өткізбек.