Шетелдік инвесторлар Түркістандағы жобаларға қызығушылық танытты

0
49

Іске асыру тетіктері мен өзара міндеттемелер жайы жан-жақты қаралды.


Шетелдік инвесторлар Түркістандағы жобаларға қызығушылық танытты

Шетелдік инвесторлар Түркістандағы инфрақұрылым жобаларына қызығушылық танытты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек шетелдік инвесторлармен кездесіп, Түркістан қаласының шығыс айналма жолының құрылыс жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жобаларды қаржыландыру, іске асыру тетіктері мен өзара міндеттемелер жайы жан-жақты қаралды.


Қанат Қайыпбек аталған жобаның өңір үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, ұсынылған жобалар мұқият зерделенетінін жеткізді.


– Жобаны іске асыруға бірнеше компания ниет білдіруде. Біз тиімді ұсыныстарды қолдауға дайынбыз. Құрылысты мерзімінде әрі сапалы аяқтауды талап етеміз. Сіздердің ұсыныстарыңызды да жіті қарап шығамыз, – деді Қанат Қайыпбек.


Түркістан қаласының аумағынан өтетін М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолына балама жол ретінде Түркістан қаласының шығыс айналма жолын салу жоспарлануда. Жолдың ұзындығы 30 шақырымды құрайды. Бүгінде жобаны іске асыру үшін ЖСҚ дайындалуда. Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қаржыландырып, іске асыру көзделген.


Бұл жоба – өңірдің көлік инфрақұрылымын дамыту, жол-көлік жүктемесін азайту және қаладағы транзиттік ағынды реттеу бағытындағы маңызды бастамалардың бірі.


Кездесу барысында инвесторлар өз жобаларын ұсынды. Компания қызметін таныстырып, тәжірибесі туралы бөлісті.


China State Construction Engineering Corporation Limited (CSCEC) – әлемдегі ең ірі инвестициялық және құрылыс тобы. Компания әлемнің 130-дан астам елдері мен өңірлерінде 7 мыңнан астам жобаны аяқтады. Одан бөлек, Қазақстан аумағында да бірқатар жобаны сәтті іске асырған.


Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған жобаларды нақтылау бағытында келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.

Бөлісу