Шымкенттің тұрақты даму құжаты бекітілді

0
1 219

Қалалық мәслихаттың депутаттары Шымкент қаласының алып мегаполис болып, оның даму бағдарламасын бекіту туралы құжат тұңғыш көтеріліп отырғанын тілге тиек етті.


Шымкенттің тұрақты даму құжаты бекітілді

Миллионға жуық халқы бар Шымкенттің дамуының тұжырымдамалық бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс жиырма сегізінші сессиясында қаралған болатын, деп хабарлайды ERNUR.KZ қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сессияның күн тәртібінде 2018 жылдың басында ҚР Салық кодексіне енгізілген өзгертулерге байланысты салық мөлшерлемелерін жоғарылату мәселесі айтылды. Олардың ішінде жер салығы, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, автотұрақтар санаттарын белгілеу және орналасқан жерлерге арналған базалық мөлшерлемелерін жоғарылату ұсынылды.

Сессия тарихында алғаш рет Шымкент қаласы өңірлік мегаполисінің тұрақты және кеңістік дамуының тұжырымдамалық бағдарламасын қабылдау туралы ұсыныс айтылды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов баяндама жасады.

– Мамыр айында Астана қаласында өткен форумда Елбасы Н.Назарбаев:«Мегаполистер дәуірі келе жатыр. Демек олардың арасында бәсекелестік пайда болады. Бұрын миллиондаған халқы бар қала Алматы болса, бүгінде олардың қатарында Астана мен Шымкентте бұл процестер жалғасады» деп мәлімдеді. Олай болса, біздің қаламызда тұрақты және кеңістік дамудың тұжырымдамалық бағдарламасы болуы керек. Бұл қажеттіліктен туындап отыр. Мегаполисті дамытудың қазіргі кезеңі тәжірибені қайта қарауға және бұрынғы жетістіктерді синтездеуге әрекет деп атауға болады, – деді Т.Баймұханов.

Қалалық мәслихаттың депутаттары Шымкент қаласының алып мегаполис болып, оның даму бағдарламасын бекіту туралы құжат тұңғыш көтеріліп отырғанын тілге тиек етті. Осылайша сессияда қаралған өзге де мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тапты.