Бекеттер маңдайшасында полиция деп жазылғанымен, тәртіп сақшылары нысандар өздерінің меншігіне жатпайтынын айтуда. Себебін стандартқа сай еместігімен түсіндірді.
Шымкентте қараусыз қалған полиция бекеттері қиратылып жатыр. Олардың айналасы күл-қоқысқа толып, терезелері сынған. Аялдама қызметін атқарып тұрғандары да кездеседі, деп хабарлайды ERNUR.KZ tvk-uko сайтына сілтеме жасап.
Темірлан тасжолындағы полиция бекетінің қаңырап бос тұрғанына 2 жылға жуықтаған. Оның іргетасы үгітіліп, есігінің тұтқасы түсіп қалған. Онымен қоса, айналасында жануар қаңқасы мен бос бөтелкелер шашылып жатыр. Бір қызығы жолдың қарсы бетінен тағы бір полиция бекеті ашылған. Бірақ ол да көп ұзамай ешкімге керек болмай қалған.
Телеарна назарына іліккен келесі бекет әл-Фараби көшесінде орналасқан. Бұл нысанның жағдайы шынымен де аянышты. Терезесі түгел сынған. Маңы қоқыс полигоны секілді. Қираған бекет қазір аялдамаға айналған. Қоғамдық көлік жолаушыны осы жерден жинап жатыр. Бұл мәселеге бас қатырып жатқан құзырлы орган жоқ.
Ал бекеттер маңдайшасында полиция деп жазылғанымен, тәртіп сақшылары нысандар өздерінің меншігіне жатпайтынын айтуда. Себебін стандартқа сай еместігімен түсіндірді. Ал облыс және қала әкімдігінің өкілдері бұл мәселеге мардымды жауап қатпады. Сондықтан мемлекет қаржысына салынған бекеттер күйі басы ашық қалып отыр.