Созақта «Тәуелсіз елім – Қазақстаным!» байқауына 23 мектептің оқушылары қатысты

0
1 729

Түркістан облысы Созақ ауданында еліміздің арманының асқары болған ұлық мереке – Тәуелсіздік күніне орай, мектеп оқушылары арасында аудандық байқау өтті.


Созақта «Тәуелсіз елім – Қазақстаным!» байқауына 23 мектептің оқушылары қатысты

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай, Түркістан облысы Созақ ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту» орталығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елім – Қазақстаным!» атты аудандық байқау өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – Қазақстанның әрбір азаматы үшін ұлық мереке. Тарихы тереңде жатқан еліміздің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған – Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы, Созақ ауданы әкімдігінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі оқушылар арасында байқау өткізді.

«Тәуелсіз елім – Қазақстаным!» тақырыбында өткен байқауға Созақ ауданының 23 мектебінен 8-сынып, 9-сынып және 10-сынып оқушылары қатысты.
Тәуелсіздік тұғырын биіктету мақсатында ұйымдастырылған байқау 3 кезеңде өтті. Бірінші кезеңде үміткерлер өздерін таныстырды. Екінші кезеңде көркем сөз және Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған өлеңдер оқылды. Ал, байқаудың үшінші кезеңінде оқушылар ән, би өнерлерін ортаға салды.

Байқауда бас жүлдені С. Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Ш. Тайбек жеңіп алды. Ал І орынды А. Иманов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Е. Төлбай иеленсе, ІІ орынға Ш. Уалиханов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы С. Білдәш, І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы А. Арынтай және Созақ жалпы орта мектеп-гимназиясының оқушысы Н. Бекқұлиева лайық деп танылды. ІІІ орынды Б. Батырбекова атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Н. Мүтән, С. Бақбергенов атындағы жалпы орта мектеп оқушысы А. Әдімхан, Панфилов атындағы жалпы орта мектеп оқушысы А. Әнеш иеленді.

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай өткен бұл аудандық байқауға қатысқан оқушылардың барлығы алғыс хатпен марапатталды.