«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Түркістан облысында 189 тонна қоқыс шығарылды

0
80

Өңірде тазалық жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді.


«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Түркістан облысында 189 тонна қоқыс шығарылды

Түркістан облысында өткен тазалық жұмыстарына 59 мыңнан астам адам қатысып, 189 тонна қоқыс шығарылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлкект басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Түркістан облысы бойынша бекітілген жоспарлардың орындалуы тұрақты бақылауда. Өңірде тазалық жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Өткен аптаның өзінде елді мекендерде 209 тазалық шарасы өтті. Нәтижесінде, тазалық жұмыстарына 59 027 тұрғын қатысып, 189 тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде баяндалды.


Облыс әкімі Нұралхан Көшеров облыс аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тазалық жұмыстарын күшейту бойынша бірқатар тапсырма берді.


– Аудан және қала әкімдіктері тазалық шараларын тұрақты ұйымдастырып, елді мекендердегі күл-қоқысты, өзен-көл маңдарын тазарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуі қажет. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды рұқсатсыз төгу деректерін анықтау және жауапты тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту бағытында рейдтерді күшейту керек. Өз жұмысына салғырт қараған әкімдерге тиісті шара көріледі, – деді облыс әкімі.


Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс аумағында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, бағдарламаны тиімді іске асыру үшін насихаттау және түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бүгінгі таңда «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 3 029 өтінім түскен. Оның ішінде, 3 022 орындалған болса, 7 өтінім орындалу барысында.


Тәртіпті сақтау мақсатында биыл қоғамдық орындарда санитарлық талаптарын сақтамаған тұлғаларға 23 538 хаттама толтырылған. Жалпы 498 млн. теңгеге айыппұл салынып, оның 269 млн. теңгесі өнідірілген.


Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан, қала аумағына апта сайын мониторинг жүргізілуде. Түркістан қаласындағы рейдтік шаралар барысында «Яссы» секторы аумағында қоқыс орындары анықталып, жойылды.


Бұл жұмыстар экологиялық сана қалыптастырып, Түркістан өңірін таза әрі жайлы аймаққа айналдыруға бағытталған.

Бөлісу