«Түркібасы әулиесінің» тарихына қарайтын болсақ шежірелі Қаратау мен Алатаудың төс түйістірген тұсында, әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолының бойында, тарихи Майлыкент өңірінде Түркібасы немесе Әулиетөбе орналасқан.
Түлкібас ауданының 90 жылдығына орай аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылының батыс жағында орналасқан көпір ашылып, қайта жөндеуден өткен "Түлкібасы әулиесі" кесенесімен танысу рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бағдарламаға сай Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Түркістан облысының киелі жерлер географиялық картасына енген, қайта жөндеуден өткізілген «Түркібасы әулиесі» кесенесімен танысу болды. Кесененің ашылуына аудан әкімі Н.Тұрашбеков сөз сөйлеп, рухани жаңғыру аясында ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтті. Сондай-ақ аудан тумасы академик О.Сәбден ауданда атқарылған игі жұмыстарға ризашылығын жеткізді.
Айта кетейік, «Түркібасы әулиесінің» тарихына қарайтын болсақ шежірелі Қаратау мен Алатаудың төс түйістірген тұсында, әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолының бойында, тарихи Майлыкент өңірінде Түркібасы немесе Әулиетөбе орналасқан.
Патша өкіметі кезінде бұл өлке Майлыкент болысы аталып, Кеңес Одағы тұсында қайта құрылып, Түлкібас ауданы атала бастағаны да түптеп келгенде осы төбенің атауымен тікелей байланысты.
Бұл атау Батыс Түркі хандығының Басы болған Естемес ханға байланысты шыққан. Естемес хан шамамен 556 жылы сол кездегі Екітау аталған тауға яғни Түркібасы тауына шатырын тігіп, оның етегіне ордасын орналастырып, қала салған. Түркібасы болған Естемес ханның ордасына, Екітаудың басындағы алтын-жібек шатырына 558 жылы Византиялық елші Земарх нөкерлерімен келіп, осы оқиғаны жазып қалдырған.
Қытай жихангез сопысы Сюань-Цзянның дерегі бойынша (Түркібасыға шамамен 630 жылы келген) ыстық басталғанда Түркі хандары (Естемес және одан кейінгі хандар) Түркібасыдан Арыс өзені бастау алатын қоңыр салқын Мыңбұлаққа қазіргі (Жуалы ауданына) келіп тұратын болған.
ТҮРКІБАСЫ туралы ең соңғы құнды мәліметті 1893-жылы осы жерге ғылыми сапармен келген орыс академигі В.В.Бартольд аймақты аралап көріп, халық жадында сақталған аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, бұл жердің ертеректе Түркібасы аталғанын, ал Түлкібасы атауының кейінірек жаңылыс айтылғанын жазған. (Отчет о командировки в Среднею Азию. Москва, 1966).