300-ден астам медиатор бар.
Түркістан облысында медиация институты дамып келеді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Медиация – мәміле алаңы. Ізгілікті қоғам құру құралы. Түркістан облысындағы медиация, яғни дауласушы тарапты бітімге келтіру үшін қызметін анықтау, жетілдіру және тұлғаның құқығы қорғалуы – басты назарда. Маңызды мәселе Қазақстан халқы ассамблеясының Түркістан облысы бойынша медиация кеңесінің кезекті отырысында ортаға салынды.
Түркістан облысы әкім аппараты басшысының орынбасары, медиация кеңесінің төрағасы Ғани Рысбеков Түркістан облысында болған қылмыстар мен отбасылық жанжалдарды шешудегі медиаторлардың ықпалы туралы тоқталды.
«Өткен жылғы карантин барысында ұстаз бен оқушы, ұстаз бен ата-ана арасындағы жан-жалдың көп жағдайда екі жақты тараптар арасындағы шиелініс күрделі жүйеге айналды. Осы жылы мәселелерді шешуге модераторлық жасақтың жоспардан ауытқымай атқарылуы арнайы мамандарға тапсырылады», – деді Ғ. Рысбеков.
Өңірдегі медиация институтын даму бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндаған Түркістан облыстық сотының судьясы Бауыржан Тәңірбердиев орын алған қылмыс, заңбұзушылық факторларына тоқталып өтті.
«Тұрғындар арасында туған дау-дамайды шешуде жұрт ауыл ақсақалдарына немесе заңнан хабары бар тұлғаларға жүгінеді. Бұқараның құқық қорғау органдарына жүгінуден қашқақтайтындығыны да бар. Осы орайда халықтың саяси сауаттылығын арттыру керек», – деді Б. Тәңірбердиев.
Түркістан облысында 300-ге жуық медиатор бар. Олардың 90 пайызы кәсіби емес, бірақ беделі, өмірлік тәжірибесі мол абыройлы азаматтар.
Қоғамдық медиаторлар ауыл-аймақтағы ас-жиындарда, басқосуларда отбасылық құндылықтар, қоршаған ортаға құрмет туралы жақсы әңгімелер айтып, дау туындаған жағдайда ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жаран арасына түсіп, басу айтып келеді. Осы арқылы олар мәселені үлкен дау-жанжалға жеткізбей, тараптарды татуластырып, төс қағыстырып ортақ мәмілеге келуіне сүбелі үлес қосуда.
Өткен жылы ұйымдастырылған іс-шаралардың нәтижиесінде облыс бойынша 1361 дау медиация рәсімі арқылы сотқа дейінгі және сот барысындағы тәртіппен, медиаторлардың қатысуымен оң шешілген. Осы мәселеге қатысты облыстық «Жастар ресурстық орталығы» басшысы Амалбек Өміртай жастар арасында жиі кездесетін проблемаларды атап, оларды шешу жолдарын жеткізді. Ауқымды жұмыстар әрі қарай жалғасын табады.