Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Төлеби ауданының Ханарық ауылы табиғи газға қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Төлеби ауданы Тасарық ауылдық округі Ханарық елді мекеніне табиғи газ тартылды. Елді мекенде 247 үй, 2 мыңға жуық тұрғын бар. Бұған қоса, қазіргі кезде Қасқасу және Қоғалы ауылдық округіне қарасты ауылдарға газ құбыры тартылуда. Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ауылдық аймақтарды дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тұрғындардың қуанышын бөлісуге келген аудан әкімі Төлеген Телғараев алдағы жылы құрылыс жұмыстары толық аяқталса, аудан аумағы 100 пайызға табиғи газға қосылатынын жеткізді. Сонымен қатар, Төлеби ауданында елді мекендерге сапалы ауыз сумен жеткізу мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Шараға қатысқан ақсақалдар атқарылып жатқан жұмыстарға тұрғындардың атынан алғыс айтты. Ал сала мамандары ауыл тұрғындарына табиғи газды қолдану бойынша кеңестер берді. Табиғи газды тарту үшін ауыл тұрғындары есепшот ашып, есептегіш құралдарын орнатуы керек.