ТҮРКІСТАН: 28 отбасы Теріскейге көшуге ниеттеніп отыр

0
450

7 отбасы көшуге шешім қабылдады.


ТҮРКІСТАН: 28 отбасы Теріскейге көшуге ниеттеніп отыр

Келес ауданынан Теріскейге көшуге 28 отбасы ниеттеніп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Келес ауданы Түркістан облысындағы артық жұмыс күші бар, 143 мыңға жуық халқы тығыз орналасқан аудан. Биылғы жылы ауданда жұмыссыздар ретінде 522 адам тіркелген болса, 1328 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамтылғандардың ішіндегі ауданымызда өздігінше жұмыспен қамтылғандар саны жоғары. Сондықтан, бүгінгі таңда басталған жұмыс күші мол өңірлерден еңбек ресурстарын солтүстік, шығыс өңірлеріне көшіру мәселелері біздің аудан үшін де маңызды шара болып саналады.


Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасының үшінші бағыты шеңберінде 2021 жылғы 15-16 қыркүйек күндері Павлодар облысының Баянауыл және Успенка аудандарынан арнайы өкілдер келіп, аудан тұрғындарына ерікті түрде қоныс аудару бойынша үгіт-насихат түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алғашқы күні "Nur Otan" партиясының Келес аудандық филиалы және ауданның халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «Ашық есік» еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкені партияның аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ахмет Жұмабеков ашып, жәрмеңкеге аудан бойынша келген қатысушыларға солтүстік өңірден келген азаматтарды таныстырып, солтүстікке көшудің маңызын айтып, бұл науқан қоғам үшін, еліміз үшін, жалпы жұмыс орны тапшы біздің өңір тұрғындарына маңызы үлкен екендігін жеткізіп, жәрмеңкені ашып берді.


Сонымен қатар, облысымызға танымал, жаны жомарт кәсіпкер солтүстікке көшу бағдарламасын кеңінен насихаттап жүрген азамат Ағабек Жаңабаевтың демеушілігімен 28 кыркүйек күні аудан тұрғындарының солтүстікке барып көзбен көріп келулері үшін Сарыағаш қаласынан арнайы автобус жүретінін жеткізді. Солтүстіктен келген азаматтар ерікті көшуді насихаттау барысында көшуге ниет білдірген азаматтарға берілетін жеңілдіктер мен мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Үгіт-насихат жұмыстары аудандағы Біртілек, Алпамыс батыр, Ақтөбе, Ошақты және Қошқар ата ауылдық округінің тұрғындарымен кездесулері ауыл әкімдері, жеке кәсіпкерлер, аудандық мәслихат депутаттарының қатысумен жалғасты.


Кездесулер барысында жеке қабылдаулар ұйымдастырылып, қабылдауға келген ауыл округтерінің жұмыссыз, аса мұқтаж азаматтарға Солтүстік өңірінде бос жұмыс орындары көп, міндетті түрде тұрақты жұмыспен қамтылып, әлеуметтік көмектер және өз ісімен айналысамын деушілер мен жеке кәсіпкерлерге жер, шағын несие т,б барлық қолдаулар мен көмектер көрсетілетіні түсіндірілді. Кездесулер нәтижесінде аудан бойынша 28 отбасы солтүстікке қоныс аударуға ниет білдірсе, 7 отбасы көшуге шешім қабылдады.