Жүзден астам жас түлекті аудиториядан шығарып жіберген.
Түркістан облысында ҰБТ қатаң талаппен өтіп жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биылғы мектеп бітірушілердің ҰБТ тапсыру мерзімі 2020 жылдың 20 маусымЫ мен 5 шілдесі аралығына белгіленген. Тестілеуді өткізуге дайындық жасау шаралары әрбір өңірде қатаң бақыланып, пандемияға қарсы шаралар бойынша талапкерлердің қауіпсіздігі басты назарға алынған.
Түркістан облысы бойынша 21-28 маусымы аралығында ұлттық бірыңғай тестілеу процедурасына 14681 талапкер қатысуға өтініш білдіріп, Оның 13821-і қатысқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Құдайберген Шербаев мәлімдеді.
«ҰБТ өткізудің қатаң талаптары негізінде 201 талапкерден емтиханға тыйым салынған заттар анықталып, тестке кіргізілмеген. Сондай-ақ тыйым салынған заттарды қолданғаны және тестілеу ережелерін бұзғаны үшін 119 түлек аудиториядан шығарылып, тестілеу нәтижелері жойылды. Барлығы 320 талапкер тестілеуден шеттетілді. Тестілеуге кіргізу барысында талапкерлерден жоғары температура анықталмаған. ҰБТ кезінде жұмыстары жойылған, тестілеуден шығарылған талапкерлермен педагог-психологтар арнайы жұмыстар жүргізуде», - дейді Құдайберген Қайыпбекұлы.
Атап өтсек, биылғы жылғы ҰБТ өткізудегі басты ескеретін жағдай, аудиториялардағы тестілеу барысы бейне-трансляция арқылы тікелей жүргізіліп, оны кез-келген ата-ана көре алады. ҰБТ өткізу барысында пунктердің жұмыстары басты назарға алынып, ондағы қатаң талаптардың орындалуы бақылауға алынған.
«Талапкерлер өздеріне зиян келтірмеу үшін мүмкіндігінше тиым салынған заттарды үйде қалдыру керек. Сонымен қатар, биылғы пандемияға қарсы әр аудиториядағы бала саны азайтылғандықтан тестілеу шілде айының 5-і жұлдызына дейін созылады», - департамент басшысының орынбасары.