Кезекте тұрған 11 азаматқа жер телімдері табысталды.
Сарыағашта 500-ге жуық тұрғынға жер телімі беріле бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Жылға елді мекенінде кезекте тұрған 11 азаматқа жер телімдері табысталды. Алдағы уақытта жер телімдерінің құжаттары дайын болуына қарай 500-ге жуық азаматқа тұрғын үй салу үшін жер берілетін болады. Олардың барлығы да бірнеше жылдан бері жер кезегіне тұрғандар. Себебі аудан көлемінде 2012 жылдан осы күнге дейін ешбір елді мекенде жер телімдері берілмеген. Осыған орай аталған шараға аудан әкімі Мұхит Отаршиев арнайы қатысып, жер иелеріне құқық беруші құжаттарын табыстады.
«Бүгінгі таңда аудан аумағында инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі тұрғындардың жеке тұрғын үйлерін салу үшін жер телімін бөлу жөніндегі сұраныстары жылдан-жылға өсіп келеді. Сонымен қатар тұрғын үй салу үшін жер телімі бөлінгенімен заң талаптарына сәйкес, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген жер телімдері табысталмайды. Сондықтан, осы мәселелерді шешу мақсатында Жылға ауылдық округінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуда бірқатар жұмыстар атқарылып, қазір сол жер телімдерін табыстағалы отырмыз. Құтты қоныс салынып, осы жер үлкен орталыққа айналсын!», – деді аудан басшысы.
Жер телімін алған ауыл тұрғыны Жарқынбек Қанаев халықтың көкейкесті мәселелерінің бірі шешімін тапқанына қуанышты екендігін жеткізді. Көптен бергі арманының орындалғанын айтып, аудан басшысына алғысын білдірді. Сонымен қатар ауыл қариялары да елге қызмет етіп жүрген азаматтарға ақ батасын беріп, жақсы істер жалғасын таба берсін деген ізгі тілектерін жеткізді.
Жылға елді мекенінде «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 42 гектар аумақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 16 шақырым электр желілері және 4 дана трансформатор орнатылды. Сондай-ақ ұзындығы 6 шақырымнан аса көшелерге шағал төсеу жұмыстары жүргізілді.
Айта кетсек, бүгінгі таңда ауданда 18000-нан астам азамат жер кезегінде тұр. Тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін сұрап жазған өтініштер санын азайту мақсатында Дербісек елді мекеніндегі 70 га жаңа қоныстану аймағын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлдіру үшін облыстық бюджетке ұсынылған. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда аталған аймақ инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, жер телімдері кезекте тұрған азаматтарға беріледі.