Ауылдық елді мекендердің қамтылу деңгейі 98,1%-ды құрап отыр.
Түркістан облысында тұрғындарды сапалы сумен қамту мақсатында 66 нысанның құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінде Түркістан облысына қарасты қалалар 100% ауыз сумен қамтылса, ауылдық елді мекендердің қамтылу деңгейі 98,1%-ды құрап отыр.
2025 жылға тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы 66 нысанның құрылысына бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Соның ішінде, осы жылы 38 нысанды аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Қалған 28 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталады.
Бірінші кезекте индикаторға енгізілген жобаларды аяқтау көзделіп отыр. Индикаторға облыс бойынша 30,8 мың халқы бар 30 елді мекен енгізілген. Қалған шалғайда орналасқан 8 елді мекен қолданыстағы су көздерімен (ұңғымалар, құдықтар) қамтылған. Қазіргі таңда 8 елді мекенде, яғни Сарыағаш ауданындағы 2 елді мекенге, Келестегі 4 елді мекенге және Шардара ауданындағы 2 елді мекенге кешенді блок модульдерін (КБМ) орнату көзделуде.
Облыс көлемінде су құбырымен қамтылған 756 елді мекен бар. Соның ішінде, 165 елді мекен – жерүсті суларымен, 591 елді мекен жерасты су көзімен қамтылған.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан елді мекендерге толық мониторинг жұмыстары жүргізілді. Талдау көрсеткендей, су құбыры бар 756 елді мекеннің 548 елді мекені тәулік бойы ауыз сумен қамтылған. Бұдан бөлек, 192 елді мекенге ауыз су кестемен берілсе, 16 елді мекенде су жүйесі уақытша өшіріліп отырады. Оның ішінде, 192 елді мекеннің 83 елді мекеніне ауыз су тек жаз айларында кестемен берілсе, 109 елді мекенге жыл бойы кестемен берілуде. Сондай-ақ, ауыз су кестемен берілетін 192 елді мекеннің 170 елді мекенінде су көлемінің азаюы немесе тазалау қондырғыларының қуатының жеткіліксіздігі анықталды. Қалған 22 елді мекенде су жүйелерінің тозығы жеткен. Қазіргі таңда мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Биыл 33 елді мекенді үздіксіз ауыз сумен қамту мақсатында бюджеттен 12,7 млрд.теңге бөлінген. 2026 жылы 101 елді мекенді, 2027-2028 жылдары 58 елді мекенді толық ауыз сумен қамту көзделуде.
Ауыз су нысандарының құрылыс жұмыстарының барысы тұрақты штаб отырысында қаралып, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауына алынған.