Абай есімді балаларға сыйлық табысталды.
Түркістанда Абай Құнанбайұлына арналған мереке аталып өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында Ұлы Абайдың 175 жылдық мерекесіне орай облыстық Қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Адамзаттың Абайы» атты мерекелік іс-шара өтті. Іс-шара барысында басқарма қолдауымен облысымыздағы бірқатар Абай есімді 10 жастағы жасөспірімдерге арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Аталған шараны облыстық Қоғамдық даму басқарма басшысының орынбасары Дәурен Сариев ашып, ұлы ойшыл туралы өз ойын ортаға салды.
«Жас ұрпаққа Абайдың ұлы бейнесін, өнегелі өмірі мен шығармашылығын насихаттау бізге парыз. Абай есімін көтеріп жүру үлкен жауапкершілік. Облысымыздағы Абай есімді жастар бұл жауапкершілікті көтеріп жүре алады деп сенемін», – деді Дәурен Нұрланұлы.
Сондай-ақ, түркология ғылыми зерттеу инистутының ғылыми қызметкері, филология магистрі Роза Жұмабайқызы «Абайдың кісілік келбеті» туралы баяндама оқып, осы күнге дейін ұлы ақын туралы жазылған құнды мақалаларға шолу жасады.
Одан бөлек, іс-шара барысында облыстағы жас ақындар Абайға арналған жүрекжарды өлеңдерін оқып, көркемсөз оқу шеберлері ақынның жырларын нақышына келтіре жұрт назарына ұсынды. Оған қоса, мерекелік шарада халық арасына кең таралған Абай әндері де шырқалды. Мәселен, Қожахмет Аманбаев «Сегіз аяқ» әнін, Мейрамбек Мырзахметов «Көзімнің қарасы» әнін тамылжыта орындап, келген қонақтарға ерекше серпіліс сыйлады.
Айта кетейік, мемлекет басшысының Жарлығымен 10 тамыз – «Абай күні» болып белгіленген болатын. Осыған орай облысымыздың барлық аудан-қалаларында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда.