Бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасын 9303 гектарға жеткізу көзделген.
Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 5 жылдық тұжырымдамасы әзірленді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Онда ауыл шаруашылығы саласын негізгі 6 бағытты дамытуға басымдылық берілді.
Тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған.
Осыған орай бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен алқалы жиын өтті. Оған ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, инвесторлар мен ғалымдар қатысып, тұжырымдаманы кеңінен талқылады. Жобаның Түркістан облысының ауылдарында кооперативтік қозғалысты дамытуға серпін беретіндігі атап көрсетілді.
Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 5 жылға арналған тұжырымдамасы агроөнеркәсіптік кешенді дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын нығайтуға және саланың экспорттық бағдарын күшейтуге мүмкіндік береді.
2023 жылға арналған 37 даму көрсеткіштері бекітілді. Атап айтқанда, егіс көлемін 860 мың гектарға, бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасын 9303 гектарға жеткізу көзделген.
Қосымша 93 гектарға жылыжайлар салу жоспарланды. Су үнемдеу технологиялары ендірілген алқапты 39,2 мың гектарға жеткізу, жаңадан 665 гектарға қарқынды бау, 120 гектарға жүзім отырғызу межеленген. Сақтау қуаттылықтарын қосымша 29,3 мың тоннаға арттыру, 1346 бірлік а/ш техникаларын алу жоспарланды. Жылына 40 мың тонна жеміс-көкөніс өңдеу, 17 мың тоннаға ет өңдеу, 37 мың тоннаға сүт өңдеу кәсіпорындары ашылады. 1000 бастан жоғары 13 бордақылау алаңы, 200 бастан жоғары 4 сүт фермасы ашылады. 4 ірі құс фермасы ашылады және жалпы 270 мың басқа отбасылық құс шаруашылықтарын ашу көзделген.
Биыл Түркістан облысында 4 тоқыма, тігін және 6 жүн, тері өңдеу кәсіпорындары ашылады. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 75,2 млрд. теңге, тамақ өнеркәсібіне 11 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылып, жалпы өнім көлемі 1 трлн. 127 млрд. теңгеге жеткізіледі.
«Ауыл шаруашылығы Түркістан өңірінің экономикасының негізгі және жетекші саласы. Бұлай дейтін өз жайы бар. Сондықтан Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы біз үшін өте маңызды. Оны жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек. Мақсат – нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді қамтамасыз ету. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға тиімді бағытталуын қатаң қадағалау маңызды», – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Ауыл шаруашылығы саласы негізгі 6 бағытты дамиды. Олар: ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, жылыжай шаруашылығын дамыту, қарқынды бау шаруашылығын дамыту, жеміс - көкөніс өнімдерін сақтау жүктемелерін арттыру, мақта кластерін дамыту, мал шаруашылығын дамыту, қайта өңдеу саласын дамыту және серпінді инвестициялық жобалар.
Басқосуда өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өз тәжірибелерін ортаға салды. Дамыған елдердің озық тәсілдерімен бөлісті. Жиналыста облыс ғалымдары оңтүстіктің климатына аса қолайлы саналатын жүзім өсіру кәсібін дамытуға назар аударуды атап өтті. Жоңышқа өсіруді жетілдіруді жеткізді.