Басқосу барысында орталық кітапханаға және кездесуге қатысушыларға өзінің туындыларын тарту етті.
Түркістандық Оразалы Сәбден кіндік қаны тамған туған жеріне келіп, зиялы қауым өкілдерімен кездесті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан облысы Түлкібас өңірінен түлеп ұшқан текті тұлғалардың бірі, академик Оразалы Сәбден кіндік қаны тамған туған жеріне келіп, аудандық орталық кітапханада ауданның зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында жаңа туындыларын жұртшылыққа таныстырып, орамды ойларын ортаға салды. Тұрар мен Бауыржандай алып тұлғалардың ата қонысы саналатын Түлкібас өңірін тарихи-өлкетану және туризм бағытында дамыту ұсыныстарын жеткізді. Даму мен жаңғыру жолын сырттан іздемей, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туындыларынан іздеу керектігін, өсиеттерін бүгінгі өмірмен сабақтастыру қажеттігін атап өтті. Басқосу барысында орталық кітапханаға және кездесуге қатысушыларға өзінің туындыларын тарту етті.
Жиын соңында аудан әкімі Нұрлан Байғұт және зиялы қауым өкілдері жерлестерімен тағылымы мол, мәнді де, мағыналы кездесу өткізген Оразалы Сәбденұлына алғыстарын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Нұрлан Мархабатұлы басқосуда айтылған әрбір ұсыныс назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылатының жеткізді. Ауданымыздың бас ақыны атанып кеткен ақсақал Әбдібек Аралбайұлы жерлесіне арнап шығарған туындысын оқып, ақ батасын берді.