ТҮРКІСТАН: Әл-Фараби туған өлкенің 100 жылдығы аталып өтті

0
510

Мерекелік шара соңы спорттық ойындар мен концерттік бағдарламамен ұласты.


ТҮРКІСТАН: Әл-Фараби туған өлкенің 100 жылдығы аталып өтті

Отырар ауданында Маяқұм ауылының құрылғанына 100 жыл толуына орай дүбірлі жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сайын даланың төсінде құтты қоныс болып, қазақ өркениетінің алтын бесігі және қасиетті ордасы болған көне Вессидж қаласы, бүгінгі «Оқсыз» қалажұрты аумағында Маяқұм ауылының құрылғанына 100 жыл толуына орай дүбірлі жиын өтті.


Алдымен, жиналған көпшілік Маяқұм ауылының орталығында жергілікті тұрғындардың демеушілігі есебінен тұрғызылған тутұғырдың лентасын қиды. 25 қазан – ҚР Республика күні қарсаңында барша маяқұмдықтар мен қонақтар оң қолын кеудесіне қойып, Әнұранымызды шырқады. Көк байрағымыз көкке көтеріліп, кеудесіне қуаныш кернеді.


Мұнан соң жиын көне «Оқсыз» қалашығының маңында жалғасып, жиналған көпшілік «Оқсыз – әл-Фарабидің отаны: туристік әлеуеті мен болашақ мүмкіндіктері» тақырыбындағы ғылыми-теориялық конференциясына қатысты.


Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбайдың модераторлығымен өткен конференцияда аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов құттықтау сөз сөйледі.


Құттықтау сөзінде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан мәдениеті мен білімі, ғылымы, сауда және шаруашылығы дамыған көне Оқсыз және Отырар қалалары туралы мәліметтерді келтіре отырып, «Оқсыз» қалажұртының туристік әлеуетін арттыру, дамыту жөніндегі жоспарлармен бөлісті.


Конференцияның жарыссөзінде Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі директорының орынбасары Серік Ақылбек, заң ғылымдарының кандидаты Мұхтар Есжанов, «Руханият-Әбу Насыр әл-Фараби» музейінің ғылыми қызметкері Ардақ Жаппарқұлдар баяндама жасап, ғылыми негізде дәлелденген жаңалықтар және тың мәліметтер келтірді.


Жиынға арнайы қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Әлімжан Құртаев 2006 жылғы Сирия сапарына тоқталып, энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мен даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың қабіріне туған жердің бір уыс топырағын салған ұлы сапарға тоқталды. Әлімжан Сейітжанұлы сапар барысындағы және өзге де елдік маңызды мәселелер көтерілген «Сенаттағы алты жыл» атты кітабын жергілікті оқырмандарға сыйға тартты.


Мерекелік шара соңы спорттық ойындар мен концерттік бағдарламамен ұласты. Білекті жігіттер арқан тартысса, апайтөс балуандар мен тақымы мықты шабандоздар көкпардан өзара мықтыны анықтады. Өзгелерден оқ бойы озық шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сый-сияпаттар табысталды.


Жиын соңы Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымының концерттік бағдарламасына ұласып, Маяқұм аспаны ән мен жырға көмкерілді.