ТҮРКІСТАН: Әлеуметтік салаларға бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі

0
71

2025 жылдың I тоқсанында 45 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетілді.


ТҮРКІСТАН: Әлеуметтік салаларға бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі

Түркістанда әлеуметтік салалардағы мемлекеттік қызметтерді бірыңғай цифрлық платформа арқылы көрсетуге бағытталған жобаны іске асыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында өзекті мәселелерді цифрлық өзгерістер арқылы түбегейлі шешу керектігін алға тартты. Осы мақсатта Түркістанда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен әлеуметтік салалардағы мемлекеттік қызметтерді бірыңғай цифрлық платформа арқылы көрсетуге бағытталған жобаны іске асыру мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық етіп, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Фарида Сағындыққызы баяндама жасады.


- Жобаның басты мақсаты халыққа әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуді цифрландыру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды біріктіру және әлеуметтік саланың басқаруын арттыру арқылы ашықтықты, қолжетімділікті және тиімділікті қамтамасыз ету. Бірыңғай цифрлық платформа – бұл азаматтарды анықтаудан бастап, олардың сүйемелдеу, қолдау шараларын тағайындау және мониторинг жүргізу үдерістерін қамтитын барлық процестерді біріктіретін мемлекеттік платформа. Платформа көмегімен көрсетілетін әлеуметтік төлемдер мен шығындардың ашықтығы қамтамасыз етіледі және басқару мүмкіндігі автоматтандыру, скорингтік модель және аналитикалық дашбордтар арқылы жүзеге асырылады. Негізгі міндеті- қызмет сапасын автоматтандыру және кадрлық құрамды басқару арқылы арттыру, - деді министр кеңесшісі.


Семинарға білім, денсаулық сақтау, туризм, мәдениет, спорт басқарма басшылары, жауапты бөлім басшылары мен аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Түркістан облысының халық саны 2 миллионнан асады. Оның 74,7% ауылдық жерде тұрады. 2025 жылдың I тоқсанында 45 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетілді. Кедейлік деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 2,3%-ға төмендеп, 2,1% болды. АӘК алушы еңбекке қабілетті азаматтардың 65%-ы жұмыспен қамтылды. Облыста 362 мыңнан астам зейнеткер бар. Бұл көрсеткіштер әлеуметтік қызметтерді цифрландырудың қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді.


Бұл бастама Түркістан облысының әлеуметтік салаларында ашықтықты, қолжетімділікті және тиімділікті арттырып, тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.


Айта кетейік, Түркістан облысында Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу бойынша бірқатар шаралар қабылданды. 149 елді мекен жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылды. 5G желісін енгізу бойынша жұмыстар басталды. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға өңірдің ірі жобалары енгізілді. Қоғамдық көлік саласына электронды билеттеу жүйесі енгізілуде.

Бөлісу