ТҮРКІСТАН: Алматы дүкендерін тонаған 5 жігіт ұсталды

0
578

Түнгі уақытта қалаға кіріп кетпек болған.


ТҮРКІСТАН: Алматы дүкендерін тонаған 5 жігіт ұсталды

Түркістан облысының полицейлері Алматы қаласында орын алған мародерлыққа қатысқан 5 жас жігітті ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Өңір полицейлері Жетісай қаласында жедел іс-шаралар жүргізу барысында қонақ үйлердің бірінен Алматы мен Түркістан облыстарының үш азаматын ұстады. Олардың екеуі бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталғандар екен. Тәртіп сақшылары олардан 550 000 теңге, есірткі, брендтік ерлер мен әйелдер заттарын тәркіледі. Ұсталғандардың айтуынша, олар заттарды Алматы қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып, "КOTTON" сауда үйінің жанынан алған.


Сондай-ақ, 8 қаңтар күні таңғы сағат 6.35-те Түркістан қаласына кіре берістегі Ынтымақ блок бекетінде сөмкесі бар екі жас жігіт полицейлердің назарына түскен. Олардың құжаттарын тексеру кезінде екеуі де Түркістан қаласының тұрғындары екені белгілі болып, олар бұрын тонау мен ұрлық үшін сотталғандар екені анықталған. Күдіктілерден "Никон" және "Кенон" фотоаппараттарының 5 жиынтығы, 11 алтын әшекей, "Самсунг" маркалы 2 және "Айфон-12" маркалы телефонның 1 данасы, 1 ноутбук пен екі жаңа аяқ киім тәркіленді.


Белгілі болғандай олар 5 қаңтар күні жаппай тәртіпсіздік барысында Алматы қаласы, Төлеби көшесінде орналасқан «Технодом» дүкеніне кірген. Содан кейін ғимаратта тұрған ер адамды ұрып, техникалық құралдарды, алтын мен аяқкиімді алып кеткен. Күдіктілер Түркістан облысына қалааралық автобуспен Алматы облысының Ұзынағаш қаласынан келген. Түркістан қаласына кіреберісте коменданттық сағатты ескере отырып, жүргізушіден тоқтауды сұраған және қараңғы уақытты пайдаланып, қалаға жаяу жүріп кірмекші болған.


Бүгінде күдікті бес адамға қатысты ҚР ҚК 191-бабы "Тонау" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Барлығы қамауға алынды. Енді Түркістан облысының тергеушілері олардың Алматы қаласында болуының нақты мақсатын анықтауда.