ТҮРКІСТАН: Арыста жаңа кітаптың таныстырылымы өтті

0
856

«Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» атты бес томдық еңбек.


ТҮРКІСТАН: Арыста жаңа кітаптың таныстырылымы өтті

Өмірзақ Озғанбаев Арыс қаласының зиялы қауым өкілдеріне жаңа кітабын таныстырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласындағы Ергөбек мәдениет үйінде «Түркістан төрінде: Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл және Елбасының рөлі» тақырыбында мәдени шара өтті. Оған «Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы» төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев бастаған зиялы қауым өкілдері мен қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қатысты.


«Тарихқа тағзым» айдарымен Ергөбек мәдениет үйінде өткен басқосуда Өмірзақ Озғанбайұлының «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» атты бес томдық еңбегі таныстырылды. Оған қоса, жақында ғана мерейлі сексен жасқа толған автормен арыстық ардагерлер емен-жарқын сыр-сұхбат құрды. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың қасында ұзақ жыл бойы үзеңгілес болған Өмірзақ Озғанбайұлы Тұңғыш президентке қатысты естеліктермен бөлісті. Әсіресе, Қазақстанның бас қаласы астананың Алматыдан көшуіне байланысты деректерді дәріптеп, тарихи шешімнің қабылдану сәтін мейлінше насихаттап жүрген Өмірзақ Озғанбайұлы 200-ге жуық ғылыми танымдық мақала мен 19 кітаптың авторы. Мерейлі мереке иесін арыстық тұрғындар атынан құттықтаған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Озғанбаевтың ерен еңбегі өскелең ұрпақ үшін зор мақтаныш әрі өшпес із болатынын атап өтті.


«Сіз «Республикалық Ардагерлер ұйымының» төрағасы ретінде ардагерлер кеңесінің жасап жатқан жұмысы жайлы, ұрпаққа беретін тәрбие туралы бұқарал ақпарат құралдарында жиі айтып, осы саладағы өмірлік тәжірибеңізбен бөлісіп келесіз. Бұл ардагер ұстаздың Қазақ елінің болашағына ерекше үмітпен қарайтындығын, ұрпақ тәрбиесіне қосқан өлшеусіз үлес болып табылатыны сөзсіз», – деді Гүлжан Мамытқызы.


Сондай-ақ, карантин талабын сақтай отырып ұйымдастырылған шарада қалалық мәдениет бөлімінің өнерпаздары өлең оқып, ән-жырдан шашу шашты. Сондай-ақ, шара соңында қала қонақтары жақында ғана Арыс қаласында ашылған «Ардагерлер орталығы» мен «Тең қоғам» әлеуметтік орталығының жұмысымен танысты.