ТҮРКІСТАН: Ауыз су құбыры мүлдем болмаған 30 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды

0
61

Мәжілісте облыстағы қалалар мен ауылдық елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы 100 пайызға жеткені атап өтілді.


ТҮРКІСТАН: Ауыз су құбыры мүлдем болмаған 30 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды

Түркістан облысында биыл ауыз су құбыры мүлдем болмаған 30 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыстағы су беру мекемелерін оңтайландыру мәселесіне арналған мәжіліс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, салалық мекемелердің жетекшілері қатысты.


Мәжілісте облыстағы қалалар мен ауылдық елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы 100 пайызға жеткені атап өтілді. Дегенмен тұрғындарды таза ауыз сумен тұрақты әрі сапалы қамтамасыз ету, су беру қызметінің тиімділігін арттыру қажеттігі күн тәртібіне қойылды.


Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша жауапты басқарма басшысы мен су саласына қатысты мекеме өкілдері баяндама жасап, өңірдегі су беру кәсіпорындарының қазіргі қызметін ұзақ мерзімді даму талаптарына сәйкестендіру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Орталықтандырылған басқару тетігінің болмауы әртүрлі тарифтердің қалыптасуына, нақты даму жоспарларының бекітілмеуіне және бюджетке қосымша салмақ түсуіне алып келуде. Осыған байланысты су беру кәсіпорындарын оңтайландыру – стратегиялық әрі міндетті қадам екені айтылды.


Жиында кейбір аудан және қала әкімдерінің инвестициялық бағдарламаларды бекітпеуі, су құбырлары желілерінің тозу деңгейі, саланы цифрландырудың баяу жүруі, су жоғалтудың нақты есепке алынбауы мәселелері қатаң сынға алынды. Бүгінде өңірдегі 17 коммуналдық су беру мекемесінің 12-сінде инвестициялық бағдарлама бар, қалғандары да осы бағытта жұмыс жүргізеді. Су саласын білікті мамандармен қамту мәселесі де бақылауға алынады.


Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров«Бірыңғай басқарушы мекеме» құру бойынша әзірленген кешенді Жол картасындағы іс-шараларды мерзімдеріне сай толық атқаруды тапсырды.


Айта кетейік, 2025 жылы облыста ауыз су құбыры мүлдем болмаған 30 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. 37 елді мекеннің тозған су желілері жаңартылды. Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға жеткізілді (801 елді мекен, 2,1 млн. тұрғын).

Бөлісу