ТҮРКІСТАН: Бабайқорған ауылында 150 орынды мәдениет үйі ашылды

0
83

Шара барысында мәдениет үйінің өнерпаздары сахналық қойылым қойып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.


ТҮРКІСТАН: Бабайқорған ауылында 150 орынды мәдениет үйі ашылды

Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылдық округінде 150 орындық жаңа Мәдениет үйі ел игілігіне берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Елтай Алтаев қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәтімен құттықтап, нысанның кілтін табыстады.


– Бүгін Бабайқорған ауылы үшін ерекше қуанышты күн. Жаңа Мәдениет үйі – тек ғимарат емес, ол ауылдың рухани тірегі, мәдени орталығы. Мұнда өнерлі жастардың қанаты қатаяды, ақын-жазушылар мен шығармашылық иелері бас қосады, тұрғындар бір-бірімен рухани байланыс орнатады. Елді мекендердің даму деңгейі осындай әлеуметтік нысандардың көптеп ашылуымен өлшенеді. Бұл нысан халық игілігіне ұзақ жылдар қызмет етеді деп сенемін, – деді Ертай Кенжебекұлы.


Шара барысында мәдениет үйінің өнерпаздары сахналық қойылым қойып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар арнайы ұйымдастырылған көрме тұрғындарға ұсынылды.


Салтанатты жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, ауданның зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.


Жалпы аумағы 860,7 шаршы метрді құрайтын жаңа мәдени нысанда заманауи зал, шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер, дыбыс және жарық жабдықтарымен қамтамасыз етілген сахна орналасқан. Сондай-ақ ғимаратқа Бабайқорған ауылдық кітапханасы көшіріліп, оның кітап қоры 12 мыңнан астам данаға жетті. Жобаның жүзеге асуы ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, жастардың өнерге қызығушылығын арттыруға және мәдени ортаны дамытуға зор мүмкіндік береді.

Бөлісу