ТҮРКІСТАН: «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті

0
737

Аналар қауымы балаларға жүрекжарды тілегін айтып, мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыстады.


ТҮРКІСТАН: «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті

Түркістан қаласында Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің ұйытқы болуымен қайырымдылық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің ұйытқы болуымен 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті. Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың санасына мейірімділік, сүйіспеншілік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру. Сондай-ақ жасөспірімдерді кішіпейілділікке, бауырмалдыққа баулу.


Игі шара шаһардағы Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды. Қайырымдылық шарасында ҚХА жанындағы Түркістан облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова бастаған аналар қауымы балаларға жүрекжарды тілегін айтып, мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыстады.


«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген даналық сөз бар. Халықаралық балаларды қорғау күні – бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың құқығын қорғап, қамқор болуға үндейтін күн. Бүлдіршіндердің жүзінен күлкі көру – біз үшін ерекше бақыт. Осы мақсатта игі бастаманы қолдап, бірқатар азаматтар бүгін салтанатты шараға қатысып, өз үлестерін қосты. Әр сәбиге бақытты балалық шақ тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, бейбіт заманда өмір сүре берейік», – деді Г.Тоққұлова.


Мерекелік концертте әуезді ән шырқалып, мектеп оқушылары өз өнерлерін көрсетті. Шара соңында балалар алғыстарын айтып, ерекше көңіл күйде тарқасты.